RU
Толық нұсқаға өту

Алматылық ардагер - соғысты көрген санаулы көзі тірі майдангердің бірі

01.04.2025, 23:23 787

Алматы тұрғыны Көлбай Әнапияұлы - соғысты көрген санаулы ардагердің бірі.

 18 жасында майданға аттанған ақсақал "бұл бір зұлмат заман болды" деп күрсіне еске алады. Ардагер биыл 99 жасқа толады. Бір айдан соң болатын Жеңіс күнін асыға күтіп жүр.

Көлбай Әнапияұлы 1926 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы Сұрат ауылында дүниеге келген. Соғысқа алдымен екі ағасы кетіп, мерт болады. 1944 жылы жасы 18-ге тола салысымен жігіт Көлбайға да әскери комиссариаттан шақырту қағазы келеді. Семей қаласында жарты жыл дайындалып, екінші Беларусь майданына аттанады. Әскерде минометші болады. 

Көлбай Әнапияұлы, соғыс ардагері:

- 82 миллиметрлік миномет. Мен наводчик болдым, наводчик стволды көтереді. Анау көмекшім аяғын көтеріп, таяғымен көтерді. 01/35- Сол Берлинге дейін бардым ғой, Құдайға шүкір. Берлинге барып, аралап көрдік. 

Көлбай ақсақал соғыс аяқталғаннан кейін бірден елге қайтпайды. Берлиннен Брест қаласына келіп коменданттық тәртіпті сақтау үшін 5 жыл әскери қызмет атқарады. Туған еглге тек 1950 жылы оралады. Ауылшаруашылық техникумында оқып, агроном атанады.

Тамара Қарикеева, Көлбай Әнапияұлының келіні:

- Ауылға келгеннен кейін агроном болды, одан кейін парторг болды, профком болды. Сол жақсы жұмыстарда істеп жүрді. Ең соңғы жұмысы шамамен 1985-1986 жылдары ол кезде ауылдағы үлкен бақтың бригадирі болды.  

Қазыналы қарт бүгінде 9 баладан 25 немере, 36 шөбере сүйіп отыр. Балалық шағын ауыр еңбек пен жастығын соғыс ұрлаған ардагер зұлмат заман туралы көп айтпа бермейді. Әрқашан елдің амандығын тілеп, жастарға батасын беріп отырады.

- Құдай жарылқасын, бақ қарасын, қызыр дарысын, ақ көңілді, абыройлы болыңдар. Отбасыларыңа амандық, дендеріңе саулық, дастархандарыңа береке берсін Алла! Елімізде тыныштық болсын, бала-шаға көбейе берсін.  

Көлбай Әнапияұлы келесі жылы жүзге толады. Ардагер ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуковтің медалімен» марапатталған. Бейбіт заманда да ел дамуына үлес қосып, лайықты бағасын алды. 

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz