Теміртауда жол жөндеу жұмыстары қарқын алады, деп хабарлайды 24KZ. Қала билігі 5 млрд теңге қаражат бөліп, көше арасын жөндеуге дайын отыр. Ал тұрғындар: «Қазір жолдың басым бөлігі бүлінген», – дейді. Жүргізушілер әсіресе «Металлургтер» даңғылымен жүруге қиналады.
Бұл Теміртаудың орталық көшесі. Шұрық-тесігі көп өзге жолдарды айтпағанның өзінде «Металлургтер» даңғылының қазіргі күйі өте нашар.
Блиц-сауалнама:
- Өте нашар жағдайда. Теміртаудың жолдары быт-шыт болып жатыр. Қыстан кейін қазір жүретін жол жоқ.
- Жол деген өте жаман. Шұңқырлары көп. Енді бір ауыз сөзбен айтқанда, өте жаман.
- Қашан жөнделетінін білмедім. Қалада жүру мүмкін емес. Машиналар бұзыла береді, автосервистерге барып тұрамыз.
Шаһар билігі бұл проблемадан жақсы хабардар. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, көшелерде суағарлардың дені тозған. Соның кесірінен еріген қар асфальтке жайылып, мерзімінен бұрын тозуына әсер еткен. «Кәріз жүйесіне бірден құйылуы үшін жуық арада суағарларды жолдардың шеткі бөлігіне көшіреміз. «Металлургтер» даңғылын күрделі жөндеу жыл соңына дейін аяқталады», – дейді ол.
Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- Екі учаскеде асфальт салу жұмыстарын былтыр аяқтаған болатынбыз. Биыл қалған төрт учаскесіне ЩМА салу жұмыстары жалғасады. Жалпы биылға жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қаражат қарастырылған бұл жоба бойынша. Жалпы құны 10 млрд-ты құрайды. Қыркүйек-қараша айларында бұл жұмысты бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Теміртауда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 720 шақырымға жетеді. Соның ішінде 23 көшенің жолына биыл орташа жөндеу жасалуы тиіс. Осы мақсатта бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қалаішілік жолдардың 14 шақырымын қалпына келтіру жоспарланған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #Теміртау #жол жөндеу #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz