Елде мопедтерді тіркеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Егер жүргізушілер көлігін 5 сәуірге дейін тіркеп үлгермесе, көшеде жүруге тыйым салынады. Батыс Қазақстан облысында науқан аясында 297 мопед тіркелді. Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында екі аяқты көлік құралдарынан ұзын сонар кезек қалыптасқан.
Енді санаулы күннен соң, яғни 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңеседі. Полиция органдарында тіркелген мопедтерді «А1», «А» және «Б» санатындағы жүргізуші куәлігі бар тұлғалар ғана жүргізе алады. Бұрынғыдай кім көрінген мопед міне алмайды. Содан да шығар қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында темір тұлпарларын тіркеткісі келгендердің қарасы қалың.
Максим Любимый, Орал қаласының тұрғыны:
- Мопедтерді міндетті тіркеуді қолдаймын. Себебі бала-шаға жаппай жолға шығып кетті. Көбі ереже білмейді. Бағдаршамға тоқтамайды. Жолдың қарсы бетіне шығып айдайды. Содан өз өмірлерін қатерге тігеді.
Владимир Чеботарёв, Орал қаласының тұрғыны:
- Мен мопедті биыл алдым. Өзім Желаев ауылында тұрамын. Қалаға жұмысқа келіп-кетуге мопед қолайлы. Бензин жақпайды. Кептелісте кідірмейсің. Балыққа да осымен шыға берем. Даламен жүруге де жақсы.
Ал Переметный ауылының тұрғыны Гүлнәр Қасымова бүгін өз мопедінің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен құжаттарын алуға келген. Айтуынша, екі аяқты көлігін техникалық бақылаудан ауылдан өткізген.
Гүлнәр Қасымова, Переметный ауылының тұрғыны:
- Алыс жерден мопедпен қалаға келу қолайсыз ғой. Сондықтан біздің жағдайымызды ескеріп, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары ауылға келген болатын. Сол кезде көлігімізді техникалық бақылаудан өткіздік. Жалпы тәртіп болғанын қалаймын. Әйтпесе соңғы жылдары кәмелетке толмағандардың қатысуымен жол апаттары көбейіп кетті ғой.
Мопедтерді тіркеу үшін оралдықтар Жәңгір хан көшесіндегі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Мопед иесінің қолында көліктің техникалық құжаты немесе сипаттамасы, жеке куәлігі болуы тиіс. Мемлекеттік баж салығына 983 теңге, тіркеу куәлігін алу үшін 4915 теңге және мемлекеттік нөмірге 5505 теңге төлейді.
Асқар Сәлімов, ПД Процессинг орталығының бастығы:
- Мемлекеттік қызмет көрсетудің талаптарына, стандарттарына сәйкес 90 минут ішінде құжат тапсырғаннан кейін өтініш беруші өзінің құжаттарын мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатын алады. Мопедтерді басқару үшін мопед иесінің жүргізуші куәлігі болу керек «А1», «А» немесе «Б» санаты болса автокөліктерді басқаруға құқылы. 16 жастағы азаматарға «А1» категориясын оқып, куәлік алып мопедтерді басқаруға болады.
Былтыр өңірде мопедтер мен скутерлердің қатысуымен 31 жол көлік оқиғасы тіркелсе, 3 адам қаза тауып, 38 адам жарақат алды. «Мопедтерді міндетті тіркеу осы қайғылы статистиканы азайтуға сеп болары сөзсіз», – дейді құқық қорғаушылар.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #мопед тіркеу #скутер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz