RU
Толық нұсқаға өту

Целинное ауылына жұмыс іздеп келгендерге тегін баспана беріледі

02.04.2025, 13:40 597

Орталықтандырылған жылыту жүйесі мен су тартылған. Ал жұмыс іздеп келгендерге тегін баспана беріледі. Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы Целинное ауылында жасалған жағдайлар. Жергілікті шаруа қожалығының иесі Серік Ибраев бүгінде өз кәсібін өркендетіп қана қоймай, ауылдың да гүлденуіне атсалысып жүр. Жеке қаражаты есебінен бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды тұрғызып, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаған.

Теріскейде орналасқан Целинное ауылы. Соңғы жылдары жергілікті шаруа қожалығының иесі мұнда көшіп келіп, жұмыс істеуге ниет білдіргендерге арнап 10-нан астам баспана салып берген. Бірақ қазір олардың дені қаңырап бос тұр. Серіктестік басшысының айтуынша, бүгінде энергетик, фельдшер, ветеринар, агроном сынды маман иелері тапшы.

Серік Ибраев, ЖШС директоры:

- Жастар келеді. Бірақ шындығын айту керек, даярлықтары төмен. Дайын кадр ретінде келгенімен, оларды өзіміз қайта даярлап жатамыз. Себебі біздегі техникалардың дені жаңа. Қазір Покровкадағы колледжбен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Олардың студенттері бізге көктемгі және күзгі дала жұмыстарына келеді. Осылайша өндірістік тәжірибе береміз.

Жергілікті шаруа қожалығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі. Ауылды көркейту ісінде аянып қалып жатқан жоқ. Елді мекен тұрғындары үшін жеке қаражаты есебінен дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салып берген. Бүгінде жасы мен кәрісі барлығы мұнда тегін спортпен шұғылдана алады. Тағы мектептің терезелерін ауыстырып, ішкі жөндеу жұмыстарын да жасап берген екен. Қазіргі таңда 100-ге жуық оқушы жылы әрі жайлы білім ошағында оқып жатыр.

Айнагүл Базарбаева, мектеп мұғалімі:

- бастап 11 сынып оқушыларына дейін тегін ыстық тамақпен қамтылған. Жазғы уақытта балаларға Астана қаласына саяхаттау ұйымдастырылады.

Жайлы тұрмыс пен жаңашылдық үйлесім тапқан елді мекен. Мұнда 200-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Соның 70%-тен астамы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Ең бастысы ауыл тұрғындары көмірдің орнына биоотынды пайдаланады. Бұл экологиялық жағынан тиімді, ал экономикалық тұрғыдан үнемді шешім.

Биоотын ретінде жылыту қазандығында сабан пайдаланылады. Тәулігіне мұнда 100-ге жуық сабан түгі жағылады. Бұл ауылдағы 200-ден астам үй мен өзге де әлеуметтік нысандарды жылытуға жеткілікті екен.

Серік Ибраев, ЖШС директоры:

- Біз халыққа барынша қолдау көрсетеміз. Мал ұстайтындарға жемшөптерін де үйлеріне дейін әкеліп береміз. Сонымен қатар тұрғындар үшін газ құю бекетін де салған болатынбыз. Бұл, әрине, тұрғындар үшін де, біздің серіктестік үшін де өте қолайлы. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз.

Ауылдың көркейгенін өз көзімен көріп отырғандардың бірі Нина Копалина. Целинное елдімекенінде 30 жылдан астам уақыт бойы тұрады. Айтуынша, қазір үйлерге орталықтандырылған су жүйелері де тартылған.

Нина Копалина, ауыл тұрғыны:

- Бізде жайлы өмір сүру үшін бәрі бар. Ет қажет болса шару қожалығынан алуға болады. Бағасы да қолжетімді. Мал азығын да үйге дейін әкеп береді. Балалар үшін футбол алаңы да салынды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі жақсы.

Егін егіп, мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығы қазір көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Биыл егіс алқабына бірқатар тың техникаларды да шығару жоспары бар. Астық сақтайтын жаңа қоймалар да салынып жатыр. 3 жыл ішінде серіктестік 1 млрд теңгеден астам инвестиция құйған екен. «37 мың гектар егіс алқабына биыл дәннің бірқатар жаңа сұрыптарын да егу жоспарда бар», – дейді шаруа қожалығының бас агрономы.

Анатолий Коральчук, бас агроном:

- Қазір Омбы ғылыми орталығы, Қорған дәні және өзіміздің Шортанды сұрыптарымен жұмыс істеп жатырмыз. Биыл қостанайлық элиталық тұқымды да алдық. Көктемгі дала жұмыстарына қосымша 2 трактор мен 2 егін егу кешенін сатып алдық.

Атқарылған жұмыстар көп. Бірақ шаруа қожалығының басшысы Серік Ибраев мұнымен тоқтамақ емес. Алда әлі де ауылды көркейтіп, елді мекенге жастарды көптеп тарту жоспары бар.

Авторлары: Риат Шони, Ырыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz