Түркістан облысында ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырған білім бөлімінің қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды 24kz.
Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы мен орынбасары және есепшілерді қоса алғанда бас-аяғы 11 адамға қатысты аудандық соттың үкімі шықты. Оларға 2016-2023 жылдар аралығында аудандық білім бөлімінде жауапты қызметтер атқара жүріп, бюджеттің жарты миллиардтан астам қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылды. Яғни, алдын ала сөз байласу арқылы мектептерде жұмыс істемейтін өздерінің таныстарының есепшотына ай сайын қомақты қаржы аударып отырған. Айыпталушылар әртүрлі жолмен мемлекет қаражатын қалтасына басып, арам пиғылдарын жүйелі түрде жүзеге асырып келген. Жаза арқалағандардың арасында бұған дейін кісі өлтіруге тапсырыс бергені үшін сотталған бұрынғы бөлім басшысы да бар.
Анел Амантайқызы, облыстық соттың баспасөз қызметі бөлімі басшысының м.а.:
- Сотталушылардың қылмыстың әрекетінің нәтижесінде мемлекетке 547 млн теңгеден астам материалдық зала келген. Сот үкімімен 7 сотталушы ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына, 2 сотталушы ҚК 63-бабының талаптарына сәйкес 7 жылға мерзімге шартты жаза тағайындалды. Тағы 2 сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тегтер #Түркістан облысы #бюджет қаржысы #білім бөлімі #сот үкіміPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz