RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да 14 ауыл жол азабын тартып отыр

02.04.2025, 20:34 691

Батыс Қазақстан облысында орналасқан Қайыңды – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу бағытындағы жолдың жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.

Он төрт ауылды аудан орталығымен байланыстыратын негізгі жол күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, көктем мен күзде көлік жүргізушілері бірнеше күнге жолда қалып, тұрғындар ми батпақтан шыға алмай әуре-сарсаңға түседі. Жергілікті жұрт жолсыздықтан жедел жәрдем де, мектеп автобусы да келе алмайтынын айтады. Бірақ ҚайыңдыЖалпақтал жолы жылдар бойы жөндеу көрмей, қаңтарылып тұр.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жалпақтал ауылынан Жұлдыз, Қарасу бағытына қарай шыққандағы мына сайды ел аузында Қабансай деп атайды. Одан әрі асқанда жол үзіледі. Ескі көпірді су шайып кеткеніне біраз жыл болған. Қазір көліктер 3-4 шақырым айналып, Сакрыл көлінің суын реттейтін шлюздің үстімен өтіп жатыр. Міне, жолдың осы тұстары көктем-күзде мүлде жүргізбейді. Тұрғындар ми батпаққа батып, жол азабын тартып келеді.

Сұңғат Ерсейітов, Көмекші ауылының тұрғыны:

- Қатты балшық болған кезде апталап жоқ болады ғой, қор боласың. Бір-бірін сүйрейді, трактор шақырады жақын жерден Көмекші ауылынан. Біздерден трактор шақырып алады. Сүйреп шығарып жібереді. Солай жол мәселесі ең қиыны.

Аққу Русланқызы, Сатыбалды ауылының тұрғыны:

- Бала кезден осы жолмен жүріп келеміз. Жаңбыр жауған сайын, күн құбылған сайын жол қатынау қиын соғады. Сондықтан жолдың дұрысталуын түзелуін сұраймыз.

Осы Қабансайдың арғы бетінде 14 елді мекен бар екен. Жөндеу жүргізілсе, ЧапаевКазталов жолын ЧапаевЖаңақалаСайқын жолымен қосуға да мүмкіндік пайда болмақ. «Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, шекаралас аудандағы халық саны азаймауына септігін тигізер еді», - дейді ауыл азаматтары.

Мәди Меңдешев, Казталов аудандық мәслихатының депутаты:

- Сол 15 шақырымды істеп, көпірді салып, Көктеректің бұрылысына өткізіп берсе, қалғанына халық даламен қашып, жолмен қашып жүреді. Мына жер көлік өткізбейді. Турасын айтқанда, көлік өте алмайды. Газ-66 да батады, трактор да батады. Қыста қар болса жүре алмайды, көктемде батпақтан жүре алмайды. Шыны керек, халықтың біреулері малға жаңбыр жауса екен, жерге шөп шықса екен деп отырса, мына жақтағылар жаңбыр жаумаса екен деп отырады.

Қайыңды – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу жолының жалпы ұзындығы 98 шақырым. Осы жолдың Жалпақтал ауылына дейін және кейінгі 40 шақырым бөлігіне кезінде жоба да жасалған екен. Алайда жүзеге аспай отыр.

Мұрат Залмұқанов, БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- 2022 жылы жоба дайындалды. Анда деген бірақ республикадан ақша болмағасын, жоба жасалып сараптамаға кірмей, ол қазір тоқтап тұр. Екі жаққа жоба мына 20-20-дан. Біреуіне 10 млрд, біреуіне 7 млрд, сол 17 млрд. 2022 жылы сол саналғанда уақытында 17 млрд ақша керек болды.

Биыл өңірде облыстық және аудандық маңыздағы 212 шақырым жолды жөндеуге 44 миллиард теңге бөлінген. «Алайда бұл қаржы аздық етеді», - дейді мамандар. Себебі, 4834 шақырым болатын жергілікті жолдардың тек 56%-іне ғана асфальт төселген.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап, Э.Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz