Шымкент қаласының символы саналатын қызғалдақ гүлдеп, үшінші мегаполистің ажарын аша түсті, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр күзде көшелер мен гүлзарларда 1 миллион 250 мың дана қызғалдақ егілді. Басым бөлігі голландық сұрыптағы сары, қызыл, көк, қызғылт және күлгін түсті қызғалдақтар. Небәрі екі аптада гүлдейді. Қала тұрғындары мен қонақтары суретке түсіп, тіршілік жаратылысына таң-тамаша күйде болды. Мегаполис аумағы әрі қарай да бірыңғай гүлдермен кезең-кезеңімен әсем келбетке бөленеді. Әуежайдан бастап теміржол вокзалына дейін көшелерде шырайгүл, барқытгүлі мен шафран жайқалып, раушан гүлмен көмкеріледі.
Қатира Сартай, қала тұрғыны:
- Сәуір айы тәуір ай ғой әрқашан. Осы сәуір айында кереметтей қызғалдақтарымыз гүлдеп, қаламызды жайнатып тұр. Қызылды-жасылды әртүрлі түстер адамның көңілі тоқ болатындай қызғалдақтар, гүлдер өсіп жатыр. Қаламыз гүлдей берсін. Халқымыз аман болсын.
Дүйсенгүл Чекаева, қала тұрғыны:
- Өз басым қызғалдақтардың қасынан өткен кезде ылғи телефоныма түсіріп аламын. Маған әдемі көрінеді. Қаламызды түрлендіріп, мақтаныш сезімін ұялатады. Қай көшемен жүрсеңіз де жайқалып тұр. Түрлі-түрлі боп. Адамның көзін қуантады. Өмірі көрмеген қызғалдақтың неше түрі бар.
Тегтер #Шымкент #қызғалдақ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz