RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тұрып жатыр

02.04.2025, 21:44 643

Алматы облысының Жамбыл ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тұрып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Аудан орталығы Ұзынағашта ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында төрт этномәдени бірлестік құрылған. Ассамблея мүшелері Қазақстанды туған Отанымыз деп есептейді. Ал өздерінің құтты қонысына айналған ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданын кіші Отанына балайды.

Зинаида Богданованың әкесі 1942 жылы 12 жасында Сталинградтан Мойынқұмға қоныс аударған. Кеңес Үкіметінің басшылығы Сталинград түбіндегі шайқастың алдында кәмелет жасына толмаған 1800 баланы шойынжолмен Орталық Азия елдеріне аттандырды. Кеңпейіл қазақ халқы оларды құшақ жая қарсы алып, үйді-үйге бөліп, жылы-жұмсағын алдарына тосты. «Әкем қонақжай «қазақ халқына мәңгі-бақи қарыздармыз» дегенді үнемі айтып отыратын», - дейді Зинаида Богданова.

Зинаида Богданова, ҚХА мүшесі:

- Сталинградтың балалары келді, өз балаларыңдай қылып тәрбиелеңдер деп, менің әкемді Дүйсенәлі деген ата алып, өз баласындай тәрбиелеген. Қазақстан халқы Ассамлеясы мен үшін өте дәрежелі, үлкен ұғымды ұйым. Су алған тасқындарда халыққа көмек болсын деп, көптеген жиындар болып жатыр. Қол ұшын көрсетіп, тамақпен де, заттай да көмектер көрсетіп жатыр. Басқа елге де үлгі болатындай біздің тыныштығымыз.

Ал ұйғыр ұлтының өкілі Гүлнисам Тұражанқызының ата-бабасы Қазақстанға Қашқариядан көшіп келген. Гүлнисамның мамандығы – педагог. Қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол Райымбек ауданының Сүмбе ауылында туып-өскен.

Гүлнисам Тұражанқызы, ҚХА мүшесі:

- Менің енді нағашы апам айтады: «қазақтар өте бауырмал халық», - дейді. Нағашы апамның қазір де көзі тірі. Қазақтармен біз өте етене араласып кеткенбіз. Олар көмбеге нан пісіреді, біз тандырға нан жабамыз. Нандарымызды енді бір-бірімізбен біреудің наны біреуге тәтті ғой енді. Ұзынағаштағы түрік ұлтының өкілі Нармин Папаладзенің атасы Сталиндік репрессияға ұшырап, Грузиядан Қазақстанға жер аударылған. Ассамблея мүшесі ретінде аудандағы қоғамдық жұмыстар мен ұлтты ұйыстыруға арналған іс-шараларға белсенді қатысады.

Нармин Папаладзе, ҚХА мүшесі:

- Сол кезде Қазақстанның өзі бір аштықта болғанымен, басқа халықтарды үлкен құрметпен, үлкен сыйластықпен қарсы алған болатын. Осы 30 жылдықта мен тағы да осы біздің Ұзынағаш сияқты қалаларымыздың дамуын, осындай біз сияқты басқа ұлттың адамдары осы біздің Қазақстанда қалып, оны одан ары дамытуға өте үлкен тілектеспін.

Смайылжан Иминов, ҚХА мүшесі:

- Мен үшін Қазақстан халқы бұл – бір халық. Біз әртүрлі этнос. Біреуіміз қазақ, біреуіміз ұйғыр, біреу орыс, неміс, татар. Біз бір халықпыз. Қазақстан Республикасының халқы, Қазақстан Республикасының азаматтарымыз бәріміз.

Жамбыл ауданында 170 мыңнан астам халық тұрса, соның 24 мыңға жуығы өзге ұлт өкілі. Орыстың «Родничок», түріктің «Ахыска» және ұйғыр, татар, башқұрт этномәдени бірлестіктері жұмыс істеп тұр. «Біз бір-бірімізге түсіністікпен қарап, бірлігімізді нығайтып, ынтымағымызды одан ары арттыруымыз керек», - дейді Жамбыл ауданындағы Ассамблея мүшелері.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz