2028 жылы Әмудария мен Сырдария өзендерінен келетін су көлемі 15-20%-ке азаяды, деп хабарлайды 24kz.
Себебі сол жылы Ауғанстанда «Куштепа» каналы іске қосылады. Тәліптер жобаны 2021 жылы бастады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Каналдың табаны бетондалмайды. Бұл судың жерге сіңу көрсеткішін жоғарылатып отыр. 285 шақырымдық қойма Ауғанстанның 550 мың гектар алқабын суаруға шақталған. Бірақ 300 мың гектар алқап дәнді дақыл егуге жарамсыз. Мамандар: «Оған қанша су құйса да, дәнді дақыл шықпайды», - деп отыр.
Дулат Нуркин, тілші:
- Ауғанстанда «Куштепа» каналын салу идеясы 1960 жылы пайда болған. Жобада Әмудария суын сорғы станциясы арқылы тұтыну көзделіпті. Ол әдіс тіршілік нәрін мейлінше үнемдеуге арналған. Ал тәліптердің қазіргі каналының ұзындығы – 285 шақырым. Қазылған жерге өзен ағысын бұрып, толғаннан кейін 550 мың гектар алқапты суармақ. Мамандарды алаңдатқан мәселе әлгі 550 мың гектар жердің 300 мыңы сазбалшық. Ол жерге қанша су құйсаң да, өсімдік шықпайды.
Вадим Смирнов, Халықаралық аралды құтқару қорының агенттік директоры:
- Құнарсыз жерге қанша су құйсаң да, ол жерге ештеңе шықпайды. Ауғандар ол көп су жұмсайды деген болжам бар. 10-12 куб шақырымға дейін тәршілік нәрін жаратуы мүмкін. Бұл дегеніміз, қазіргі Әмудариядан келетін судың 15%-іне тең. Бізде қазір клмитаттық өзгерістерге байланысты өзендердің деңгейі төмендеді. Енді канал іске қосылса, тіптен қиындамақ. Біз оларға тосқауыл қоя алмаймыз. Ендігі міндет – ауғандармен тығыз байланыс орнатып, осы мәселені бірге реттеу.
Рас тәліптерге ешкім тосқауыл бола алмайды. Және өзен суларын пайдалануда ауғандардың да үлесі бар. Тіпті Әмударияның бастауы Ауғанстаннан екенін ұмытпау керек. Ендігі міндет – барға қанағат етіп, су үнемдеу технологиясын жетілдіру. Бұл бағытта Өзбекстан Орталық Азия елдері ішінде оқ бойы озып тұр.
Биыл 1 млн гектар жерге егілетін дәнді дақыл жаңбырлатып суару бойынша бапталады. Шаруалардың да су үнемдеуге келгенде қызығушылығы жоғары. Себебі Үкімет салықтық жеңілдіктер жасап, субсидия бөледі.
Абдушукур Хамзаев, Өзбекстанның Олий Мәжіліс депутаты:
- Олий Мәжіліс депутаттары оның ішінде аграрлық комитет Су кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Ол жерде суды үнемдеуге ерекше басымдық берілген. Суды лимиттен артық пайдаланған шаруалар салықты көбірек төлейді. Осы арқылы біз су үнемдеу мәдениетін қалыптастырамыз.
Дулат Нуркин, тілші:
- Алдағы 10 жылда Орталық Азияда су тапшылығы қатты сезілмек. Оған аймақтағы халық санының өсуімен климаттың өзгеруі әсер етеді. Сарапшылар қазірден бастап алдын алмаса, жағдай ушығады деп отыр. Ал оның ең ұтымды әдісі, әрине, суды мейлінше үнемдеу.
Тегтер #сырдария #шаруалар #су үнемдеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz