RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллектінің журналистикадағы мүмкіндіктері

03.04.2025, 15:30 652

Отандық БАҚ-та алғаш рет жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы әзірленеді.

 "24KZ" телеарнасы келер жылы медиаөндіріске тың технологияны енгізбекші. Жоба негізінде ақпаратты жинап, бейнежазбасын әзірлеп, сараптап эфирге дайындайтын «ақылды роботтар» іске қосылады. Бұрын-соңды болмаған бастаманың маңыздылығы қандай?

Басты ақпараттық арна ЖИ-дің бірыңғай платформасын жұмысқа енгізбекші. Жаңа жоба аясында күнделікті тілші, таспагер, инженер әзірлейтін шығарылымды адам көмегінсіз ақылды роботтың өзі атқарады. Ақпараттарды сұрыптап мәтін әзірлеу, қажетті бейнежазбаларды жинау, тікелей эфирге қосылу жасанды интелект арқылы жүргізілмек. Бұл әсіресе, төтенше жағдай тұсында уақыт үнемдеп, көрерменді дер кезінде дерекпен қамтуға мүмкіндік жасайды. 

Жасын Біркенов, "24KZ" телеарнасының директоры:

- Режиссер бар, журналист бар, жүргізуші бар 15-20 адам жұмысқа келіп эфирге шығу үшін 30-40 минут қажет. Ал егер де біз осы ЖИ қолданатын болсақ, бұл уақытты біз 4 есеге дейін қысқартамыз. Бұл жерде ЖИ арқасында әрі кеткенде 10 минутта тікелей  эфирге шыға аламыз.  Бірақ бұл жұмысты оңтайландыру - біздің мақсатымыз. Журналистерді, режиссерлерді қысқарту деген сөз емес.

Алдағы ауқымды жобаның тағы бірі - жасанды көмекшіні енгізу. Енді жұмыстағы тілші-оператор, режиссер, инженердің сенімді серігі ақылды робот болмақ. Мамандар қызметіне қатысты білмей жатқан сауалдарын қойып, қажет болса көмекшіден кеңес те ала алады. Жоба әзірге жан-жақты пысықталып жатыр. Сәтімен іске асса, жүйені арнаның тікелей эфирдегі айдарларына енгізу көзделген. 

Балжан Салимова, "Хабар" Агенттігі АҚ Техникалық дирекциясының инженері:

- "Хабар" Агенттігі қызметкерлері арасында (программалардың атауы) ЖИ негізінде құрастырылған платформалармен жұмыс істеп көрді. Мәселен, дизайнер, монтажер арасында арнайы бағдарлама танымал. Сонымен қатар қазіргі таңда 24KZ арнасы ЖИ негізінде құрастырылған жүргізуші аватар жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Тың технологияны медиаөндірісте қолданғандар қатарында "Qazcontent" ұжымы да бар. Ақпараттық агенттік жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану бойынша бір күндік эксперимент өткізді. Тәжірибе негізінде тәулік бойы шыққан жаңалық адамның қатысуынсыз әзірленіп отырды. Шығарылымдарды сұрыптау мен нақтылығын анықтауда ғана шығарушы редактор жұмылдырылған.

Айна Задабек, "Qazcontent" АҚ Басқарма төрайымы:

- Бұл жерде ақпарат саласы жаңалықтар жеделдік, дәлдік деген мәселелерге басты назар аударады ғой. Сондықтан ЖИ бірінші кезекте  жедел ақпарат таратуды және де ақпараттың ақиқат болуын, жаңалықтың қызықты болуын қамтамасыз етеді. Біз негізінде ЖИ құралдарын пайдалануды бірнеше ай бұрын бастадық. Бірінші кезекте біз барлық сайттарымыздан арнайы оқыту жүргіздік.

Телевизияның тынымсыз тіршілігіне енген жаңа технология мамандардың жұмысын жетілдіруге әрі жеңілдетуге бағытталған. Журналисті шығармашылық жағынан шыңдап, креативті ойлауға бейімдері анық. Тағы бір тиімділігі, жасанды интеллект модельдері бірнеше тілде жұмыс істейтін тілшілерге мәтін аударуға көмектесе алады. Осылайша сандық саладағы жаңа бастама төртінші билік өкілін алмастыратын емес, қайта олар­дың мүмкіндігін арттыратын құрал болмақ.  

Кәмшат Мұхамеджан, Ырыстанбек Оспанов, Ербол Дайыров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz