Қазақстан мен Өзбекстан туристері арасында екі елдің киелі жерлеріне саяхаттау көрсеткіші соңғы жылдары артып отыр, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен ала шапанды ағайындар үшін Түркістан, Жамбыл облысы мен Маңғыстау өңірі тартымды бағыттар қатарына жатады. Ал Қазақстандықтар Самарқан, Бұқара мен Хиуаға жиі ат басын тірейді екен. Жыл басында іске қосылған «Жібек жолы» туристік пойызы екі ел саяхатшыларының санын көбейтіп, бауырлас елдердің бірін-бірі жақыннан тануына септігін тигізген.
Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен туристік жобаларды іске асырып жатыр
Дулат Нуркин, тілші:
- Қазақстан мен Өзбекстан – ауылы аралас, қойы қоралас көршілер. Ортақ мыңжылдық тарихы бар бауырлас мемлекеттер. Екі ел арасында соңғы жылдары туризм саласында бірлескен жобалар іске қосылды. Соның бірі – «Жібек жолы» туристік пойызы. 10 вагоннан тұратын теміржол көлігімен 312 адам қос мемлекеттің көрікті жерлерін аралай алады. Алдағы уақытта вагон санын 20-ға жеткізіп, 700-дей жолаушыны тасымалдау көзделіп отыр. «Жібек жолы» туристік пойызы «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Тараз- Алматы» бағыты бойынша сапарлайды. Теміржол турының бір ерекшелігі пойыз тек түнде жүреді. Ал күндіз туристер көрікті жерлерді тамашалай алады. Қос елдің бұдан да басқа жобалары баршылық. Өңіраралық меморандумдар қабылданып, кәсіподақ ұйымдарының келісімі аясында Өзбекстаннның сала қызметкерлері Қазақстанда, ал біздің елдің жұмысшылары Өзбекстанда демалуына жағдай жасалған. Киелі орындарға да сапарлау турлары қарастырылған.
Айту кету керек, соңғы жылдары мінәжат етуге баратындардың саны артқан. Әсіресе Түркістан, көне Тараз бен Маңғыстау облысына сапарлайтын шетелдіктер көбейген. Ал Өзбекстанда Бұқара, Самарқанд мен Хиуа отандастарымыз арасында тартымды бағытқа айналған. Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның туризм бағытындағы бірлескен жобаларын алдағы уақытта көбейту көзделіп отыр.
Түркия биыл 65 млн турист қабылдамақ
Меруерт Қанағат, тілші:
- Иә, туризм саласын дамытуда Түркия әлем бойынша жетекші орында. Ел экономикасына түсетін басты кірістердің бірі де осы туризм саласына тиесілі. Үш жағынан көгілдір теңізбен қоршалған, тарихи мұрасы мен мәдениетімен әлемді таңғалдыратын ел қолында барын қорғап, оны тиімді қолдануды жақсы біледі. «Мұржасыз өнеркәсіп». Түрік жұрты туризм саласын осылай атайды. Былтыр туризм табысы 60 миллиард доллар болса, бил бұл көрсеткішті 10%-ке арттырмақ. Ол үшін тек жағалаудағы аймақтармен шектелмей, Анталия мен Алания сияқты танымал курорттардан басқа, Анадолыдағы әлі де көпке таныс емес ауылдар мен аймақтарды да туризмге тартуды көздеп отыр. Осы мақсатта «Туризм ғасыр жобасы» іске қосылған. Тек бұл емес. Билік пен сала мамандары жұмыла, «Түркия: Жыл бойы қызықты бағыттар мен ұмытылмас сәттер» қағидасы бойынша білек сыбанып отыр. Мәселен, жазда жағажайларда демалып, қыста қарлы тау шыңдарында шаңғы тебуге болады. Сонымен қатар Түркия өзінің бай гастрономиясымен, айрықша мәдени шараларымен, спорттық жарыстарымен және фестивальдарымен саяхатшыларды баурап алады. Сондай- ақ медициналық және діни туризмнің де кірісі қомақты. «Жаңа туризм трендтеріне бейімделу». Соңғы жылдары туристердің сұраныстары өзгерді. Осы талаптарды ескере отырып, туризмнің әр түрлі салаларын дамыту үшін бірнеше жоба жүзеге асырып жатыр. «Тәулік бойы саяхат» түсінігі бойынша мұражайлар 24/7 қызмет көрсетеді. Оларға кіру ақысы да арзан емес. Түркия өзінің маңызды тарихи жерлерін түнде жарықтандыру арқылы тағы бір жаңа қырынан көрсетіп жатыр. «Десе де тек табиғи байлық туризмді брендке айналдырған Анадолы үшін жеткіліксіз», – дейді Түркия туризм қауымдастығы басшысы Фарук Элмалы. Бастысы оны шетелдерде дұрыс жарнамалау қажет екен.
Фарук Элмалы, Түркия туризм қауымдастығының төрағасы:
- Түркияның туризм саласындағы жетістіктерінің негізгі себептерінің бірі – жақсы қызмет көрсету, сапалы туристік мүмкіндіктер және әлем бойынша жүргізілген тиімді жарнамалық жұмыстар. Түркияда 7 аймақта 4 маусымда туристерді қабылдайтын үлкен әлеует бар. Әсіресе Түркияға Еуропа елдерінен, Түркі тілдес мемлекеттерден және Таяу Шығыстан көптеген турист келіп жатыр. Соңғы 10 жылда Түркия туризмі қарқынды даму көрсеткішін көрсетті.
Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстаннан Түркияға 863 мыңнан астам адам келген. Соңғы бірер жылда баға қымбаттағанымен әлі де түрік жағалауларын таңдаушылар баршылық. Қазақстандық туристер санының артуы бірнеше факторлармен түсіндіріледі. Соның бірі – қазақстандықтар арасында Түркияның танымалдығы. Визасыз саяхат және ыңғайлы әуе қатынасы. Тағы бір маңызды фактор – демалыстың әртүрлілігі. Сондай-ақ соңғы жылдарда Түркиядан Қазақстанға баратын турист саны едәуір артқан. Әрине, бұл бізден барған демалушылардың санымен салыстыруға келмейді. Десе де Қазақстан бағыты төрттікке кіреді. Жалпы туыстас жұрт арасында демалушылар санын арттыру үшін екіжақты ытымақтастықпен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының «Заманауи Жібек жолы жобасы» бар.
Әмірлік компаниясы Каспий жағалауында жаңа қала салуға мүдделі
Рауан Мыңбай, тілші:
- Қазақстан туристік тұрғыда тартымды жобаның бірін Араб әмірліктерімен де бірлесіп қолға алуы мүмкін. Бұл ретте әңгіме ірі инвестиция турасында болып отыр. Дубайдың «Sarte» компаниялар тобы таяуда Ақтауға 4,5 млрд доллар құятынын хабарлап, қаржыны қаланың «EcoCity» жобасына жұмсауға дайын екенін жеткізді. Маңғыстау өлкесінде жергілікті серіктес табылған. Осыдан біршама уақыт бұрын қос тарап Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығында кездесіп, тиісті меморандумға қол қойды. Бірлестік құрылыс, жаңартылған энергия және мұнай мен газ саласында жұмыс істейді.
Серіктестік аясында Каспий жағалауында экологиялық таза, смарт және көпбейінді қала бой көтереді. Оған жылжымайтын мүлік, коммерциялық нысан, саябақ, планетарий, спорт кешені, амфитеатр және 7 жұлдызды қонақүй салу жобасы енген. Аурухана, клиника және білім беру орындарының құрылысы да қарастырылған.
Хасан Рашид, «Sarte Project Management Services» компаниялар тобының басқарма төрағасы:
- Бұл қалашықта келешекте тек экологиялық таза көліктер жүреді. Өзіндік транспорт жүйесі құрылады. Оның көлемі 20 мың гектарға тең. Бір ерекшелігі Ақтауда біз ұсынып отырған «EcoCity» жобасына қажеттінің бәрі бар. Теңіз жағалауы, су, кең атырап – бәрі бір жерде тоғысқан. Мемлекет бұл қаланы туристік тұрғыда дамытуды көздейді. Біздің де мақсатымыз сол.
Қазақстан мен Араб әмірліктері арасында құрылған іскерлік кеңес өкілдерінің айтуынша, «EcoCity» тұтас Маңғыстаудың дамуына тың серпін береді. Қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджеттік түсім көбейеді. 4 мемлекетпен шектесетін Ақтаудың экономикалық әлеуеті артады.
Айта кетейік, дубайлық компанияның экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі мол. Орталық Азияда алғаш болып Қазақстанмен тиімді әріптестік орнатып отыр. Ал Ақтауда жаңа қала салу бастамасы көптен бері көтеріліп жүр. Мұның барлығы бір есептен туризмді түлетуге сеп болмақ.
Тегтер #Қазақстан Өзбекстан #Түркия #БАӘ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz