RU
Толық нұсқаға өту

Сеулде журналистикадағы жасанды интеллект мәселесі талқыланды

03.04.2025, 17:50 784

Журналист өз жұмысын жасанды интеллектке сеніп тапсыра алады, бірақ виртуалды көмекші ұсынған барлық деректерді міндетті түрде қайта тексеруі қажет. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан дүниежүзілік журналистика конференциясының қатысушылары осындай қорытындыға келді. Форумға 52 елден келген 62 БАҚ өкілі арасында «Хабар» агенттігінің қызметкерлері де бар.

Форумдағы басты тақырыптардың бірі – мақала жазу мен репортаж жасау барысында жасанды интеллектті қолдану. China Daily басылымының тілшісі Инь Цао жасанды зердені пайдаланудың теріс жақтарын да атап өтті. Оның айтуынша, интернеттен алынған деректер интеллектуалдық меншік иелерінің құқықтарын бұзуы мүмкін. Сондай-ақ жасанды интеллект ескірген ақпаратты, деректер мен суреттерді пайдалануы мүмкін, өйткені кейбір жүйелер уақытылы жаңармайды. Сондықтан қытайлық журналистің пікірінше, редакцияларда жасанды зердені қолдану бойынша нақты ережелер болуы керек. Busan Daily News тілшісі Хван Сок Ха атап өткендей, Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні қолдану ережелері әлі бекітілмеген. Бірақ Кореяның газет қауымдастығы Парламентке заңға өзгерістер енгізуді ұсынып, жаңалық контентінің авторлық құқықтарын қорғау қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар бұл қауымдастық Кореяның әділ сауда жөніндегі комиссиясына шағым түсірмек, себебі елдегі ірі іздеу жүйесі Naver журналистік контентті  жасанды интеллект қызметтеріне рұқсатсыз енгізген. Конференцияға «Хабар» агенттігінің өкілі де қатысты. Ол өз әсерлерімен бөлісті.

Бақытжан Досымбеков, «24KZ» телеарнасының бас режиссері:

«24KZ» телеарнасында біз AI технологияларын енгізе бастадық, бұл жаңалықтар өндірісін жеделдетіп, сапалы контент жасауға көмектеседі. Дегенмен, спикерлер атап өткендей, этика, шынайылық және авторлық құқық мәселелерін естен шығармау маңызды.

Business Insider Polska басылымының тілшісі Наталия Шевчак жасанды интеллект тек көмекші бола алады, бірақ журналистің орнын толық баса алмайды деп санайды. Ол АКШ-тағы әйгілі Уотергейт жанжалын, мысалға, келтіріп, жасанды зерде мұндай журналистік зерттеу жүргізе алмайтынын атап өтті. Сондай-ақ Наталияның айтуынша, жасанды интеллект баспасөз мәслихатында спикерлерге күрделі сұрақ қоя алмайды. Дегенмен Польшада ЖИ түнгі ауысымда жұмыс істейтін журналистерді алмастырып, елдің түрлі аймақтары үшін ауа райы болжамын жасап отыр.

Конференцияға қатысушылар виртуалды көмекшілерді бұқаралық ақпарат құралдарында қолдану қалыпты жағдай деп санайды. Бірақ жасанды интеллект жасаған материалдар журналистер тексермейінше жарияланбауы тиіс деген ортақ пікірге келді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz