RU
Толық нұсқаға өту

Ойыл өзенінде су деңгейі төмендеп келеді

03.04.2025, 20:10 723

Атырау облысы Қызылқоға ауданын бойлай ағатын Ойыл өзенінде су деңгейі төмендеп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Аудан әкімдігі қауіптің алдын алу мақсатында кешенді шаралар қолға алған болатын. Атап айтқанда, 54 шақырымдық бөгет салынып, өзен арнасын тереңдету жұмыстары басталған. Бұл жұмыстар болашақта тасқын қаупін азайтып, ауылдарды қорғауға бағытталған.

Бастауын Ақтөбе облысынан алатын Ойыл өзенінде биыл ақпан айының аяғында қызыл су жүре бастады. Бүгінде қауіптің беті қайтып келеді. 28 ақпаннан бүгінге дейін Ералы су торабы арқылы 2 млн 300 мың текше метр су ағып өтіпті. Негізгі қауіпті кезең наурыздың 27-30 аралығында еді. «Қазір жағдай қалыпты», – дейді мамандар.

Бақтыбек Төлегенов, аудандық ТЖ бөлімінің басшысы:

- Ойыл өзенінің деңгейі 5,62 метр болып отыр. 2 см түсуді көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта Ойыл өзенінің деңгейі бірқалыпты ауданға қауіп жоқ десек те болады. Қазір енді арнасымен ағып, кейбір аласа жерлерден су шығып, жайылмаға жайылып жатыр.

Қызылқоға ауданы бойынша қауіпті учаскелердің бірі – осы Кенен көпірі. Былтыр осы көпірдің жан-жағын су алып кеткен болатын. Биыл да қауіпті болған себепті қазір жүк машиналарының өтуіне уақытша тыйым салынған.

Ойыл өзені Қызылқоға ауданының 9 округін бойлай ағады. Елді мекендерді тасқыннан қорғау мақсатында 54 шақырымнан астам бөгет соғылып, өзен арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша аршылуға тиіс 100 шақырымдық түп тереңдету жұмыстарының 7 шақырымы аяқталған. Сондай-ақ аудандағы Ералы су торабы толықтай ашылды.

Қанат Әзмұқанов, Қызылқоға ауданының әкімі:

- Ералы гидроузелінің 6 қақпасының барлығы ашық тұр. Ол жерде 1,70 метрмен су ағып жатыр. Алдыңғы жылы 3 метрмен ақты. Су үш бағытпен ағып жатыр. Жарыпшыққан барады, сосын Ойылдың өз арнасы бар, онан басқа Көздіқара деген үшеуіне де жақсы кетіп жатыр қазір. Жайлымға да, шабындыққа да шығып, қолайлы болып жатыр.

Бірыңғай мал шаруашылығымен айналыстын аудан үшін тірлік нәрі аса маңызды. Сол себепті қазір ауыл маңайлары мен шабындық, жайылымдарды суландыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

Өтеулі Дүйсәлі, Миялы ауылының тұрғыны:

- Осы келіп жатқан суды, біз енді ауыл шаруашылықты аудан болғасын, жерде тиімді пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұған енді барлық ауыл азаматтары да атсалысып жатыр. Қазір Миялының көліне су шығару жұмысын жүріп жатыр. Біз осы суды тептірсек, ауыл іргесінен мал жайылады. Әсіресе осы айда, мамырда жас төлдер шығып жайылады.

Көктемгі су тасқынынан қорғану жұмыстарына 300-дей адам күші мен 75 техника тартылған болатын. Нәтижесінде асау өзен біртіндеп арнасына түсіп келеді. Былтыр басталған 100 шақырымдық түп тереңдету жұмысы биыл да жалғасады. Ол мақсатқа 1 млрд теңге қаражат қаралып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz