Өскеменнен соғысқа аттанған ең жас майдангер Михаил Головатюк бүгінде Жеңістің 80 жылдық мерейтойын асыға күтуде, деп хабарлайды 24kz.
Бар болғаны 16 жасында еңбек армиясына алынып, Иркутск – Байқал теміржолының құрылысына қатысқан ардагердің өмір жолы – тұтас бір тағылымды тарих, бір кітапқа жүк болар шежіре.
Сұрапыл соғысқа куә болған бозбала майданнан аман оралған соң бейбіт күннің берекелі тірлігіне белсене араласты. Қолына қарудың орнына күрек алып, кен-байыту саласында 35 жыл еңбек етті. Бүгінде 90-нан асқан ардагер – өскелең ұрпаққа өшпес өнеге, Отанға адал қызметтің жарқын үлгісі.
Михаил Головатюк 97 жаста. «Өлкеде қалған соғыстың соңғы солдаттарының ішіндегі ең жасы менмін», - деп әзілдейді өзі. Расымен де, бүкіл өмірі ауыр еңбекпен, әскери тәртіппен өрілсе де, қарияның қимылы ширақ, сөзі анық. Қарт жауынгер соғыс жылдарын бастан-аяқ өткерген. Мергендер мектебін тәмамдаған. От пен оқтың ортасындағы күндерді бір сәт ұмытқан емес. Әсіресе қарулас жолдастары арасындағы адал достықты айтудан жалықпайды.
Михаил Головатюк, соғыс ардагері:
- Әскери өмірде адал достыққа куә болдым. Қатарымызда қазақ та, өзбек те қырғыз да болды. Бөлініп, дауласқан емес. Бір-бірімізге көмекке дайын тұратын едік. Одан соң ешқайсымыз еңбектенуден қашқан жоқпыз. Тер төгіп, қиындық көрмей жетістікке жетем деу бос сөз. Әркім өз міндетін әділ атқарса, бәріне қол жеткізуге болады.
Михаил Головатюк «мен майдан даласынан келдім» деп қол қусырып отырып көрген жан емес. Соғыстағы оттан шығып, зауыттағы отқа кірді. Балқытушы болып еңбек етіп, аз уақытта бригадирлікке дейін көтерілді. Отбасын құрып, үш ұл тәрбиеледі. Қазір немере шөбере сүйіп отырған ақсақал балаларына ақыл айтып, кеңес беріп отырады.
Владимир Головатюк, майдангердің ұлы:
- Әкем үнемі еңбектің наны тәтті екенін айтып отырады. Адалдықтан танба деп ескертіп келеді. Бала кезден осы өсиетті естіп өстік. Жаман болған жоқпыз. Білім алып, өз жолымызды таптық. Енді өз балаларымызды да соған тәрбиелеп жатырмыз.
Қазір облыста сұрапыл соғыстың 13 ардагері ғана қалды. Бір өкініштісі, қарт жауынгерлердің қатары күн санап азайып келеді. Ал бүгінгі ұрпақ олардың әр сөзінен тәрбие-тәлім алып қалуға тырысады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #соғыс ардагері #Жеңістің 80 жылдығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz