Солтүстік Қазақстан облысында мектеп жабылды, деп хабарлайды 24kz.
Белый ауылындағы білім ұясы оқушылар үшін қауіпті деп танылды. Ғимараттың тозығы шығып, төбесі майысып кетті. Енді жүздем астам оқушы қайда барып оқиды?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Мыңға тарта тұрғыны бар Белый ауылы Петропавлдан он шақырым қашықта орналасқан. 60 жыл бұрын салынған жергілікті орта мектептің сиқы мынау. Әбден тозып, қабырғаларын дымқыл тартып тұр. Ал жақында төбесі сыр берді.
Тарих кабинетіндегі бөрене оқушылар көктемгі каникулда болған кезде майысып кеткен. Содан кейін мектепте сабақ тоқтатылды. Енді балалар көрші ауылға барып білім алады.
Бұл мектепте 110 бала оқиды. Бүгін олар бірінші рет көрші Пеньков ауылына сабаққа аттанды. Балаларын шығарып салуға ата-аналар арнайы келген.
Гүлнәр Сыздықова, Белый ауылы орта мектебінің директоры:
- Ауданнан бізге 3 көлік берді. Газель, автобус. Сол балалар біздің оқушылар Пеньково орта мектебіне барады. Екінші ауысымда оқимыз.
Бірақ ата-аналар мұндай шешімге қарсы. Олар ауылға жаңа мектеп салуды талап етіп отыр. «Себебі ескі ғимаратты жөндегеннен пайда жоқ», - дейді.
Анастасия Мануйлова, Белый ауылының тұрғыны:
- Балаларымыздың жаңа мектепте білім алуын қалаймыз. Бұл жерде мен де, ата-анам да оқыды. Ғимарат қолданысқа жарамайды. Іші тар.
Мектепке 3 жыл бұрын техникалық сараптама жасалған. Сол кезде ғимарат апатты деп танылған жоқ. Енді тағы да тексеру жүргізіледі.
Айнагүл Сұрағанова, білім басқармасының басшысы:
- Күрделі жөндеу қажет етеді деген сараптама шығатын болса, онда күрделі жөндеу жасаймыз. Егер де сараптама мектеп қолданысқа беруге болмайды, апатты болатын жағдайда онда тағы да басқа шешімдерін қарастырамыз.
Нақты шешім техникалық сараптамадан кейін шығады. Сол себепті оқушыларға жазға дейін көрші ауылға автобуспен қатынауға тура келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Солтүстік Қазақстан облысы #апатты мектепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz