RU
Толық нұсқаға өту

Тіркелмеген мопедті тізгіндесе жауапқа тартылады

04.04.2025, 17:36 850

Алматыда 9 мыңға жуық мопед тіркеліп, мемлекеттік номер алған.

Алайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында кезек күткен жүргізушілер әлі де көп. Жайбасарлыққа салынып, соңғы күнді күткендер енді көліктерін тіркеп үлгіре ме? Құжат алып үлгірмегендердің жайы не болмақ?

Мопедін тіркеп, мемлекеттік номер алу үшін жүргізушілер таң бозынан келіп кезекке тұруда. Себебі түсінікті, тіркеу уақыты аяқталып келеді. Ресми түрде тіркеу қаңтар айында басталса да, кеш қамданғандар енді ұзын сонар кезекке тұруға мәжбүр. Бірақ мамандар мейілінше тезірек қызмет көрсетуде.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Мына жерде мопедтер техникалық бақылаудан өтуде. Мемлекеттік инспекторлар мопедтердің шанағы мен жеке винкодының сәйкестігін тексереді. Одан кейін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркейді.

Алайда кедергі де жоқ емес. Екі дөңгелекті көліктерін, халыққа қызмет көрсету орталығының алдында қаңтарып қойғандар номердің жетіспей жатқанын айтуда. Қалалық тіркеудегілердің шаруасы тіз бітуде. Ал өзге өңірлерде тіркелгендер ресми номер ала алмай жүргендерін айтуда.

Еламан Раимов, мопед иесі:

- Екі-үш күннен бері номер ала алмай жүрміз. Себебі ЦОН-ға келсең номер жоқ дейді. Біз барлығын тапсырып қойғанбыз, сверка бәрін өткенбіз. Бүкіл документтеріміз бар, бірақ номер жоқ.

Дидар Тұрарбек, мопед иесі:

- Номер жетпейді деген, енді білмеймін керуенге кульджинкаға барған кезде кеше номер жетіспейді 05 деген. Саялыда бар деген 05, соған келіп тұрмыз.

Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі қаладағы барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында номерлер жеткілікті екенін мәлімдеді. Мопедін тіркеуге арыз бергендердің барлығы есепке алынады. Олар алаңдамаса болады. Ал үлгірмегендер ертеңнен бастап көлігін айдап емес, тасымалдап жеткізіп, техникалық байқаудан өткізіп, тіркейді. 

Айдын Меркімбаев, Алматы Қ. ПД Әкімшілік полиция жанындағы процессингтік орталықтың басшысы:

- Бүгінгі таңда Алматы қаласында барлық номерлар, барлық аймақ бойынша біздің жүйеде тіркелген, бар. Егер мопед иегері үлгермеген болса, ол мопедін автоцонға алып келіп, шолудан өткізіп, әлі де уақыт бар. Бірақ жол жүру ережесіне сәйкес жолда оған мопедті қолдануға рұқсат жоқ. 

Ертеңнен бастап, жол қозғалысы туралы заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мопедтер толыққанды көлік құралы мәртебесіне ие болады. Енді екі дөңгелекті техниканың иелері жалпыға бірдей жол ережесіне бағынады. Тіркелмеген мопедті айдағандар әкімшілік жауапқа тартылады.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz