RU
Толық нұсқаға өту

Елде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы» атағы берілді

05.04.2025, 17:17 970

Елде тұңғыш рет геологтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы» құрметті атағы берілді, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекеттік награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов сала мамандарына табыстады. Жиында Үкімет басшысы ардагер геологтарға алғысын айтып, ел экономикасы құрылымындағы геологияның маңыздылығын атап өтті.

Сәуір тамыры тереңде жатқан геология саласының мамандары үшін сәтті басталды. Себебі айдың алғашқы жексенбісі геологтардың кәсіби мейрамы. Осыған орай салада ойып тұрып із қалдырған азаматтар тұңғыш рет Мемлекет басшысының атынан «Еңбек сіңірген геолог» атағын алды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Биыл еліміздің тарихында алғаш рет геологтарға арналған мемлекеттік награда енгізілді. Бұл – Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық дамуына қосқан сіздердің үлестеріңізге деген жоғары бағасы. Мамандардың жаңа буынына баға жетпес білім, тәжірибе және кәсіптің үздік дәстүрлерін үйреткен сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтамыз

Қазақстанның еңбек сіңірген геологы атағы саланың жілігін шағып, майын ішкен Марат Бітімбаев пен Серікбек Дәукейге табысталды. Сондай-ақ еңбек өтілі ширек ғасырдан асқан 30-ға жуық ардагер «Еңбек даңқы» және «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

Марат Бітімбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы:

- Ал енді ол марапаттау әлі алдымызда көбейеді деп ойлаймын. Неге десеңіздер, Қазақстан жерінің әлі байлығының барлығы әлі ашылып бітірген жоқ. Былтыр да жақсы жақсы байлықтар ашылды. Сирек кездесетін металдардың дүниежүзіндегі ең үлкен кен орнын Қазақстанның геологтары Қарағанды облысынан ашып отыр. Оған дүниежүзінің барлығы қазір соның артынан жүгіреді. Неге десеңіздер, өндірістің барлығы қазір сол металдарға қарап отыр.

Серікбек Дәукей, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы:

- Геологтар күніне осындай орден, медаль, атақ бергені бірінші рет боп жатыр. Бұл өте үлкен күш қуат береді, барлық геологтарға. Мен 52 жыл геология саласында жұмыс істеп жүрмін. Оның ішінде 20 жыл далада істедім. Сосын ары қарай жоспармен өсе бердік.

Отандық геология саласы қарқынды даму үстінде. Мамандар осылай дейді. Иә, былтыр барланған жер қойнауының ауданы 2 миллион шаршы шақырымнан асты. Бұл жалпы алаңның шамамен 74%-ін құрайды. Жақында жаңа геологиялық зерттеулер нәтижесінде 38 перспективалы алаң анықталды. Ендігі геологтардың басты мақсаты 2026 жылға дейін геологиялық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz