Петропавл қаласында Auyl Fest бірінші халықаралық этномәдени фестивалі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған Венгрия, Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Мари Эл елдерімен қатар Қазақстанның құс шаруашылығы мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысты.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан Auyl Fest халықаралық этномәдени фестиваліне 500-ден аса адам қатысты. Оның ішінде құс шаруашылығымен айналысатын шетелдік мамандар да бар. Солардың бірі – Венгриядан келген Балаж Сенков. Фермер қаз бен үйрек етін әлемнің 25 еліне экспорттайды. Енді Қазақстанмен де тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр.
Балаж Сенков, кәсіпкер (Венгрия):
- Біздің шаруашылықта 750 мың үйрек пен 500 мың қаз бар. Етті бағытта жұмыс істейміз. Өнім халықаралық талаптарға жауап береді. Фермамызда «Жасыл энергия» жүйесі іске қосылған. Қазақстан – үлкен мемлекет. Сондықтан осындай жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз.
Шара аясында құс шаруашылығын дамыту жөнінде келесі кеңес өтті. Жиында саланың жетекші мамандары баяндама жасап, маңызды мәселелерге тоқталды. Оның ішінде Қазақстанда қаз өсіру ісін дамыту керектігі айтылды. Бұл ретте кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» бағдарламасының пайдасы зор. «Енді оған шетелдік тәжірибені енгізу керек», - дейді мамандар.
Серік Егізбаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қаздың балапандарын біздер әлі Ресейден алып келіп жүрміз. Татарстан, Башқұртстаннан. Енді олар жаңағы ғылыми тұрғыдан, ұйымдастыру тұрғыдан бізден, біздің алдымыздан дамып кеткен. Кәсіптер деп айтуға болады. Сондықтан бірінші біз олардың тәжірибесін қазір қараймыз. Және сондай тәжірибені даладан тасымай, өзімізден ұйымдастыруды жолдарын қарастырып жатырмыз.
Алғашқы халықаралық фестиваль аясында фермерлік жәрмеңке ұйымдастырылып, құс өнімдері қойылды. Сонымен қатар аспаздар қаз етінен дәмі тіл үйретін түрлі тағамдар дайындады. Ал, шараның шырайын қаздардың жарысы аша түсті.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков, Төлеген Иманов
Тегтер #ПетропавлPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz