RU
Толық нұсқаға өту

Ғасыр жасаған қарт жауынгер

06.04.2025, 13:38 880

Әрі жыршы, әрі ақын, әрі батыр.

Қостанайлық абыз ақсақал Қасымхан Алдабергеновтің есімі көзі қарақты әр қазаққа жақсы таныс. Талай айтыста топ жарып, жыр-термелерімен жұртты ұйытқан өнер иесі, соғыста қарулы күштердің элитасы саналатын әуе десанты құрамында болған. Ғасыр жасаған қарияның ғибратты ғұмыры.

Қасымхан Алдабергенов қан майданның қызып тұрған шағында, 1943 жылы соғысқа аттанған. Ол сол кезде небәрі 17 жаста еді. Бозбала оқу-жаттығу кезінде алғырлығымен көзге түсіп, әуе десанты гвардиясына қабылданады. Талай рет жаумен бетпе-бет келіп айқасқан. «Сол сәтте рухтың мықтылығы, бірлігіміздің беріктігі жеңіске жетеледі»,-дейді соғыс ардагері.

Қасымхан Алдабергенов, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Есі кірген жастан бастап, еңкейген шалға дейін бәрінің де мақсаты бір ғана, ол-жеңіске жету болды. Сол жеңіске жетудің жолында олар кәдімгі жан аямай, майданға көмектесті. Мынау достық деген, сен орыссың ба, қазақ болсын басқа ұлт па, бір әкеден, бір шешеден туған үлкен бір отбасы, әулет сияқты болады.

Бала кезінен құйма құлақ жыршы, ақындардың көзін көріп, батасын алған өнерлі жан бейбіт өмірде қазақтың қара домбырасын жанына серік етті. Талай айтыста аламанға түсіп, дүбірлі додаларда топ жарды. 

- Атақты анау ақын болмасада, Салсам да сөз өрнегін анда-санда. Басымнан бала жастан сөз асқан жоқ, Қағамын қапылыста қармансам да. 

Қасымхан атаның шығармашылығы сан қырлы. Жыраулық, айтыскерлігінен бөлек, қара өлең жазудың шебері, қаламы жүйрік журналистігі тағы бар. Ғасыр жасаған қария әлі де әлемдегі, еліміздегі жаңалықтарға құлақ түре жүреді. Әр тақырыпқа қатысты айтар өз ойы, пікірі бар.   

Қасымхан Алдабергенов, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Жердің иесі халық. Сол жердің бүкіл байлығы, үстіндегі байлығы, астындағы байлағының бәрі халықтікі ғой. Соған жаңағыдай мал өсіру керек. Фабрика, зауыт салу керек. Өзіміз өндіруіміз керек. Киім-кешек, болсын, техника болсын. Өзіміз, өзіміздің жастарымыз. Сосын еңбек өседі. 

Қасымхан ата Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Астанада өтетін әскери парадқа шақырту алыпты. Қазір қарт жауынгер сол сапарға дайындалып жүр.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz