Жетісу облысының құрылғанына 3 жыл. Осы уақыт ішінде өңірде біқатар әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Әсіресе Панфилов ауданында үш жыл ішінде жүзден аса әлеуметтік нысан бой көтерген. Еліміздің оңтүстік шығыс қақпасында орналасқан шекаралық аймақта жаңа мектеп, емхана салу, мәдениет үйі, әлеуметтік баспаналар, газ және сумен жабдықтау жұмыстарына ден қойған.
Мемлекет басшысының шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасын белсенді қолға алған ауданның бірі – Панфилов. Мұнда үш жыл ішінде 6 мектеп салынып, тағы 6 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткен. Соның бірі – 1200 орындық Жайлы мектеп. Заманауи ғимаратта 64 пәндік және 7 мамандандырылған кабинет бар. Алыста тұратын оқушылар автобуспен тасымалданады. Оқушыларға тегін үйірмелер және инклюзиялық бөлім де ашылған. 7,1 млрд теңгеге салынған білім ордасы өткен қараша айында пайдалануға берілді.
Айгүл Дәрубаева, Жаркент қаласындағы орта мектеп директоры:
- Инклюзиялық кабинеттер бар, соның ішінде ерекше айтатын бұл сенсорлық кабинет. Балалар сенсорлық кабинетте өзінің дамуын қалыптастыратын арнайы құралдармен жабдықталған. Көбінесе тіл кемістігі, дыбыстарды дұрыс қоя алмау балалардың. Көбінесе осы мәселе бойынша инклюзиялық топқа мамандар арнайы өздері анықтаған бойынша жұмыс істейді.
Ал үш ауысыммен оқып келген Талды ауылының балалары күзде жаңа мектепте білімін жалғастырмақ. Арнайы қордан бөлінген 2,7 млрд теңгеге 300 орындық мектеп салынып жатыр. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары тамызда аяқталады екен.
Дидар Ешенов, Панфилов ауданы әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары:
- Құрылыс жұмыстарының көлемі 70% құрайды, яғни монолит жұмыстары барлығы аяқталған. Сыртқы инженерлік желілер толық қамтамасыз етілді, электр желілері, кәріз желілері толығымен қамтамасыз етілді. Бүгінге күнге негізі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы абаттандыру жұмыстары басталып кетті.
Талды ауылының тұрғындары да ұйымшылдығын көрсетіп, әлеуметтік салаға үлес қосып жатыр. Туған жерін көркейту мақсатында Таусамалы саябағын салған. Мұнда балалар алаңқайы мен жасыл желекті парк бой көтеріпті. Одан бөлек ауылдағы баспана мәселесі де оң шешім тауып жатыр.
Талды ауылынан шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңа мектептің жанынан 36 үй салыныпты. «Екі және үш бөлмелі баспаналар осы аулылға қызмет етемін деген жас мамандарға үлестіріледі», – дейді аудан әкімі.
Ал Головацский ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен. 600 млн теңгеге жаңартылған нысан өңірдің тарихи-мәдени ғимаратының бірі саналады. Тұрғындарға арналған үйірмелер де ашылған. Одан бөлек, аудан кәсіпкерлері де мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырыпты. Мысалы, жеке қаражатқа ескі ғимарат жөнделіп, балабақшаға беріліпті. Кәсіпкерлер 6 ауылға спорт кешенін салып берген. Осылайша өңірдегі кәсіпқой және бұқаралық спорт жанданып келеді. Спорттың үйірмелерге қатысатын жастардың қатары артып, салауатты өсір салты насихатталып жатыр.
Марат Сағымбеков, Панфилов ауданының әкімі:
- Биыл қаражат бөлініп, 25 елді мекенде газ кіргізу жұмысы басталды. Қосымша біз тағы 6 елді мекенде Сарыбел округына қарасты, Сарыбел, Садық, Тұрпан ауылы, Басқұншы, Нәдек, Әулие ағаш 6 мекенді кіргіздік. Олдардың жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтіп жатыр. Сонда биылдың өзінде 31 елді мекенде газдандыру жұмысы басталады.
Ауданда үш жыл ішінде 21 елді мекенге денсаулық сақтау ғимараты салыныпты. Тағы 7 ауылдың амбулаториялық ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Биыл 11 медициналық мекемнің қабырғасы қаланады, оның бесеуі – амбулатория. Бұл Мемлекет басшының ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамыту және жақсарту бағдарламасының нәтижесі. Осылайша «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы орналасқан өңірдің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов
Тегтер #Жетісу облысы #әлеуметтік нысан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz