RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстарының 70%-ы аяқталды

07.04.2025, 07:27 548

Бұл үшін шаруаларға 20 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай қарастырылған, деп хабарлайды 24kz.

Диқандар дақылдың басым бөлігін егіп қойғанымен, қант қызылшасын әлі күнге себе алмай жатыр. Мәселе неден туындады?

Мерей Бает, тілші:

- Байзақтық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен. Қонысбек Сүлейменов басқаратын қожалық биыл 80 гектарға дән сеппек. Бидай, арпа, жоңышқа мен пияз және қант қызылшасына ден қойып отыр. Диқан биыл 21 гектарға тамшылатып суару технологиясын қолданбақ. «Себебі заманауи технологияны енгізу арқылы өнімді екі есе артық алуға болады», - дейді.

Қонысбек Сүлейменов, шаруа қожалығының басшысы:

- Ертеректе қант қызылшасының гектарынан 50 тоннадан алатын. Соған өте қуанышпен қарайтын. Қазір қант қызылшасын тамшылатып суару арқылы 120 тоннаға дейін алды. Соған көшіп жатырмыз жайлап-жайлап.

Биыл облыс фермерлері 660 мыңға жуық гектарға егін салады. Дегенмен қант қызылшасымен айналысатын шаруаларға тықыр таянғандай. Себебі былтыр 11200 гектардан өнім алса, биыл жергілікті билік егістік көлемін екі есе азайтқан.

Таласбек Шертаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл өте қатты қиналайын деп тұр басқа да шаруалар. Себебін айтатын болсақ, бәрі мынау майда шаруалар бар, ірі шаруалар бар, былтыр Үкіметтің қаулысы бойынша 5%-бен бәрімізге техника берген. Тамшылатын суару құрал-жабдығын алғанбыз. Скважина тұрғызғанбыз. Соның ақшасының бәрін былтыр өтей алмадық. Ол қарыздар келесі жылға кетті. Енді биыл лимитіміз тағы азайды.

«Былтырғыдай қызылша өткізуден мәселе туындамау үшін аудандарға лимит қоюға тура келді», - дейді жауаптылар. Дегенмен келер жылы бұл мәселе шешіледі. «Тараздағы қант зауыты қайта жаңғыртудан өтсе, өнім көлемін қайта арттырамыз», - дейді бөлім басшысы.

Нұрдәулет Ілесбек, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Қант қызылшасын өңдейтін Меркі қант зауыты. Оның жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болған. Былтырғы 600 мың тоннадан асқан. Сол былтырғы жылғы практиканы ескеріп биылғы жылы тең жартысын  қысқартып жатырмыз. Жобамен 300 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр. Меркі қант зауытымен келісімшартқа тұру мәселесі осы аптада шешілу керек. Өйткені акционерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр қазір.

Қазір облыстағы егістік алқаптарда 8 мыңға жуық ауылшаруашылық техникасы жұмыс істеп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген дизель отыны литрына 254 теңгеден беріледі. Ал тұқымға биыл 700 млн теңге субсидия бөлініп отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz