RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысының шаруалары көктемгі егіс науқанына кірісті

07.04.2025, 07:57 495

Биыл өңірде 427,7 мың гектар суармалы алқап игеріледі, деп хабарлайды 24kz.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға көп.

Өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы тұқым шаруашылығын дамытуға, басым дақылдарды қолдауға және тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Балқаш ауданында көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Іле өзенінің жағасында орналасқан аграрлы ауданда 32 мың гектар суармалы жер бар. Биыл соның 28,8 мың гектары игеріледі. Егіс алқабының тең жартысына арпа, бидай, күріш сияқты дәнді дақылдар себілсе, қалғанына бау-бақша өнімдері мен көпжылдық жоңышқа егіледі.

Қажымұқан Орынбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Менің енді өзімде 107 гектар жерім бар суармалы. Соның 51-іне бидай мен жоңышқа егемін. 56 гектарына күріш егемін. Осы бидай мен жоңышқаны бастағанымызға бір жеті болды. Төрт күнде бітеміз, Алла бұйыртса. Содан кейін сәуірдің 15-інен ары қарай күріштің жеріне кірісеміз.

Жергілікті шаруалар өткен жылы 7 мың гектар алқапқа күріш егіп, әр гектардан орта есеппен 43,1 центнерден өнім алды. Алайда жиналған мол өнім әлі күнге дейін қоймаларда сақтаулы тұр.

Қажымұқан Орынбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл ғана проблема болып тұр ғой. Әйтпесе, жылда жақсы болатын.

- Қайда өткізуші едіңіздер?

- Алматыға базарға апарып өткіземіз. Қырғызстаннан келіп алып кететін.

- Килограмын қаншадан беріп жүрдіңіздер?

- Алдыңғы жылы 400-ге шейін барған. Биыл 220-240 теңге. Оның өзі өтпей тұр ғой.

Қапшағай су қоймасына 18 млрд 100 млн текше метр су жиналды. Қойма 98%-ке толды. Қазір Іле өзеніне секундына 550 текше метр су жіберіліп жатыр. Дегенмен, суармалы алқаптарға су жеткізуде біршама қиындықтар бар. Гидротехникалық құрылғылар мен магистралды каналдар, суғару жүйелері әбден ескірген.

Азат Құтпанбетов, Балқаш ауданының әкімі:

- Қазір үлкен мәселе бізде мына Тасмұрын магистралды каналы. Қазір осы каналға қосымша 2-3 шлюз орнатуға жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, құрылыс басқармасы арқылы бюджетке сұраныс берілді және мына Іле өзеніне үрлемелі платина соғу жөнінде де облыс тарапынан үлкен жоба жасалған. Оның жобалық құны 9,1 млрд теңгені құрап отыр. Қазір құжаттамалары толық әзір.

Облыстағы шаруаларға биыл жеңілдетілген бағамен 4650 тонна дизель отыны бөлініп, 17 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникасының 58%-і ескірген. Сол себепті 665 техника лизингке алынды. Дегенмен, өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу қарқыны өте төмен. Биыл бұл көрсеткішті 93,6 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz