RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысында ауылдар арасындағы жолдар жөнделіп жатыр

07.04.2025, 20:00 692

Жетісу облысының Панфилов ауданында елді мекендер арасындағы жолдарды жөндеуге көңіл бөлініп отыр.

Панфилов ауданы - әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Мемлекет басшысының шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша өңірде бірқатар жұмыстар атқарылды. Шекаралық аймақтағы  «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы өңірдің ғана емес, ел дамуына да зор үлес қосып отыр.

Өңір тіршілігінен оң өзгерістерді байқау қиын емес. Соңғы үш жылда аудан орталығы, оған жақын елді мекендер ғана емес, алыс ауылдарда да бірқатар жаңа нысандар бой көтеріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасалыпты. Күрделі жөндеуден өткен білім нысандары мен фельдшерлік-акушерлік пункттер де баршылық. Ал, төрт елді мекенде еңселі спрот кешені бой көтеріпті. Аудан тоғыз жолдың торабында жатыр. Республикалық маңызы бар жолдан бөлек, ауыл арасындағы қатынасқа да көңіл бөліне бастады. 

Марат Сағымбеков, Панфилов ауданының әкімі:

- Біздегі қазіргі ең күрделі мәселе, Көктал мен Сарыөзек ортасындағы 78 километр, содан кейін Көктал мен Айдарлы ауылындағы 15 километр жолға күрделі жөндеу басталды. Осы екі жолды биыл толыққанды пайдалануға беретін болсақ, елдімекендер арасындағы жолдың мәселесін біз 100 пайыз шешетін боламыз.

Панфилов ауданында орналасқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы – өңірдің ғана емес, елдің экономикасының дамуына септігін тиігізіп келеді. Қазір бұл жерде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, америкалық технология бойынша күн батареяларын өндіретін зауытқа бір миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Еркін экономикалық аймақта бұдан өзге болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрама жем, жөргек, кофе өндіретін ірі жобалар табысты жұмыс істеуде.

Әсет Сейсенбек, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА Бас директорының бірінші орынбасары:

- Жобаның негізгі басты ойы ол Америка нарығына шығу болатын. Сол бағыттағы жұмыстың негізінде осы жылы компания АҚШ стандарты бойынша өз өнімдерін стандартизациядан өткізіп, жаңағы АҚШ нарығына шығуға рұқсатнама алды деуге болады. Одан бөлек бір ай бұрын ең алғашқы контейнер экспортқа аттанды. 

Алтынкөл станциясы - Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол өткелі. Халықаралық маңызы бар станция Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнер жібереді.

Данияр Нұрқасымов, «Алтынкөл» станциясының басшысы:

- Қазіргі таңда біз Қытай мен Қазақстан арасындағы келісім бойынша 20 пойыз қабылдап, 12 пойыз жөнелту келісілген. Қазіргі таңда Қытайдан келіп жатқан жүк саны тәулігіне 17-18 пойызға жетіп тұр. Біз енді 20 пойызға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Біз жақтан тәулігіне қазір 12 пойыз экспорттық груз тапсырып жатырмыз. Және екі теміржол басшыларының келісімімен осы жылы 12 пойыз емес 15 пойыз тапсыруға келісілген. 

Шекара шебіндегі тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан тағы бір нысан – ол құрғақ порт. Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ портта заман талабына сай тасымалдау қызметімен қатар жүктерді тексеру, тиеу, сақтау жүйелі жолға қойылған. Қазір мұнда жаңа терминал салынып жатыр. Қолданысқа берілген соң Алтынкөл станциясына келетін вагондарды жөндеу, сақтау қызметтері ұсынылады. Жалпы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына 113,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. 81,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал бюджетке түсетін салық түсімдері 9 млрд теңгеден асқан. 

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz