RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында көзі тірі үш соғыс ардагері қалды

07.04.2025, 21:19 806

Биыл жеңістің 80 жылдығын Әбдіғали Қаймолдин, Иван Шевцов пен Григорий Маларов қарсы алады. 

Қазір олар салтанатты шеруді күтіп жүр.

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы Абыралы ауылында дүниеге келген. Жиырма жасында сұрапыл соғысқа аттанып, Сталинград, 1-інші Украина, 1-інші Беларусь және 3-інші Балтық майдандарында шайқасты. «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. 103 жастағы ақсақал жастарға ізгі ниетін білдіріп, ақ батасын берді.

Ал Иван Шевцов майдан даласына 18 жасында аттанған. Соғыс кезінде Қызыл әскер қатарына шақырылып, Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысты. Батырлығы мен ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және адал еңбегі үшін медаліне ие болды. Соғыстан кейін «Қазэлектромонтаж» кәсіпорнында учаске басшысы боп, сол жерден зейнетке шықты. Қазір 99 жасқа келген қария Жеңіс күнін әлі ұмытпағанын айтады. 

Иван Шевцов, соғыс ардагері:

- Мен ол кезде Рижск әскери округінде болатынмын. Біз қатарға тұрып түскі асқа бара жаттық. Сол кезде кенеттен соғыстың аяқталғаны туралы хабар келді. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Бөркімізді аспанға аттық, қуаныштың көз жасымен бір-бірімізге құтты болсын айттық.

Өңірде майдангерлерге тегін курорттық демалыс қарастырылған. Бұдан бөлек жылдағы бір реттік төлем тағайындалады.

Марат Әленов, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Үш соғыс ардагеріміз қалды. Біреуі Мәскеуде тұрып жатыр. Соған қарамастан ол кісі де төлем алады. Әрқайсысына 5 млн теңгеден беріледі. Сонымен қатар қайтыс боп кеткен соғыс ардагерлерінің жұбайларына, тыл еңбеккерлеріне және Ленинградты қорғауға қатысқандарға да бөлек төлемдер қарастырылған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 198 млн теңге бөлініп отыр.

Қазір өңірде 1590 тыл еңбеккері тұрады. Олардың әрқайсысы ақшалай 200 мың теңгеге дейін бір реттік көмек алады.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz