RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда дауылдан соң қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

08.04.2025, 12:10 688

Алматыда дауылдан соң қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүрді, деп хабарлайды 24KZ. Кеше кешкі сағат сегіздер шамасында қалада нөсер жауып, найзағай ойнап, екпіні секундына 20 метрге дейін жететін жел соқты.

Желдің күшті болғаны соншалық, кейбір үйлердің шатырын жұлып кетті. Бірнеше көлікті ағаш басып қалған. Дауылдан электр желілері үзіліп, билбордтар мен жол белгілері құлап қалды. 

Метеорологтардың айтуынша, қала тау етегінде орналасқандықтан, көктем мен күз мезілінде мұндай құбылыстар болып тұрады. Оның үстіне күн күрт жылынып кетті. Солтүстіктен келген суық ауа массасы қызып тұрған ауамен қосылғанда күн райы осылай өзгеріп шыға келді.

Қатты соққан желдің соңы нөсерге ұласты. 30-ға жуық ағаш құлаған. Бірнеше автокөлікті ағаш басып қалды. 3 тұрғын үйдің шатыры бүлініп, құрылыс қоршауы құлаған. 

Сауалнама:

- Қатты соққан жел үйдің шатырын түгелімен жұлып кетті. Бәрі жан-жақта шашылып жатыр. Мұндай дауыл анда-санда болып тұрады.

- Шатырды ұшыра бастады. Қарап тұрдық. Қолдан келер амал жоқ. Бірнеше көлікті басып қалды. Қайта менің машинама түскен жоқ. Шатырды осыдан 5 жыл бұрын ғана жасаған едік. Тіпті оның ақшасын да төлеп біткеніміз жоқ.

Алматылық Алла Майбах: «1-2 сағаттың ішінде не болғанын түсінбей қалдым», –  дейді. Пәтері соңғы қабатта орналасқан. Үйдің шатырын жел ұшырып әкеткен соң лезде баспанасын су басқан.

Алла Майбах, қала тұрғыны:

- Су төбеден сорғалап тұрып ақты. Мен мұны осы шатырды жөндеген мердігер мекеменің кінәсі деп ойлаймын. Егер дұрыс жасалса, мұндай оқиға болмас еді. Розеткадан да су ақты. Кейбір бөлмелердің тогын қоса алмай отырмын. Бәрін телефонға түсіріп алдым. Әкімдіктен адамдар келіп көріп кетті. 

Зардап шеккен тұрғындар 112-ге хабарласқан. Құтқару қызметі шұғыл көмек көрсеттік деп отыр. Жергілікті әкімдік оқиғадан хабардар. Кешікпей жөндеу жұмыстары басталады.

Данил Махаметов, коммуналдық мекеменің өкілі:

- Бізге 9:30-да ағаш құлағаны туралы мәлімет келіп түсті, біздің аварийный бригада 9:42-де келдік. Қазір осы жерде қадағалап жатырмыз.

Дауыл кезінде билбордтар мен жол белгілері де бүлінген. Электр желісіне зақым келген. Кейбір көшелерде жарық сөніп қалды. Дауылдан соң қалпына келтіру жұмыстары қалада түні бойы жүрді. 400-ге тарта арнайы техника жұмылдырылды. Бүгін Алматыда ауа-райы жауын-шашынсыз. 23 градус жылы. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz