Жайық-Каспий бассейнінде бес күнде браконьерлерден 300 келіден астам балық пен 1,5 мың метр ау-құралы тәркіленді, деп хабарлайды 24kz.
Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары бойынша 73 заңбұзушылық анықталып, 3 қылмыстық іс қозғалды. Балық қорын қорғауға арналған рейд шарасы 31 мамырға дейін жалғасады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Дамбы балық инспекциясы Жайық өзенінің ең тамағында орналасқандықтан, бұл жерде жұмыс қашан да қарбалас. Бүгінгі рейдке 6 жеңіл моторлы қайық, 3 катер және 30-дан астам адам шыққан. Сонымен, бүгінгі рейдті бастаймыз.
Бұрынғыдай ақ айдын бетін айғыздай қашатын қылмыстық топ ұшыраспағынмен, бүгінгі рейд барысында біраз заңбұзушылық анықталды. Түске дейін Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасынан 8 ескекті қайық пен оншақты ау-құралы жағаға шығарылды.
Еламан Хабибуллин, «Дамбы» инспекциясының басшысы:
- Кеше осы жерді тазалап кеткенбіз. Дегенмен де, населенный пункт болғандықтан ол жерде күн сайын осындай заңсыз, иесіз ау-құралдары кездесіп тұрады. Соны біздер күнделікті тазалаумен күн сайынғы жұмысымыз сол айналысатын.
Балық қорғаушылардың басты міндеті – бағалы бекіре тұқымдастар мен жалпы теңіз балығының өзендерге еркін шығып уылдырық шашуына жағдай жасау. Өткен 5 күнде өзеннен 1,5 мың метр ау-құралын шығарып, шырмалған балықтар құтқарылды.
Нұрлыбек Ғайсин, Жайық Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастығы:
- Қазір Жайық өзенінің арнасын және теңіздің оң жақ, сол бөліктерін заңсыз ау құралдарынан тазалау жұмыстарын атқарып жатырмыз. Басым бөлігі соның халық атауында «қытай сетка» дейді, соның басым бөлігі. Яғни, ол жылдап су астында жата береді 20-50 жылға дейін шірімейді. Оған түскен балық қиылып, өліп қалады, шығып кетуіне мүмкіндік жоқ.
Жайық-Каспий бассейніндегі дәстүрлі балық қорғау шарасына 3 облыстағы барлық күштік құрылым жұмылдырылды. Нәтижесінде бүгінге дейін 73 заңбұзушылық анықталып, 3 қылмыс ашылды. «Басты мақсат – браконьерлікпен күресе отырып, заңды жұмыс істейтін табиғат пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау», - дейді жауаптылар.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- АШМ мен ІІМ және де ҰҚК арасында бірлескен бұйрық қабылданған. Жалпы балық қорын сақтап, оның әрі қарай толықтыру жағын қарастырып жатырмыз. Бір жағы азық-түлік қауіпсіздігі мына жергілікті тұрғындарды әрі қарай жұмыспен қамту жағы да қарастырылатын болады.
«Бекіре-2025» іс-шарасы 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады. Балық қорын қорғау акциясына 1,5 мың адам, 100-ге тарта жүзу құралы мен 300-ден астам автокөлік жұмылдырылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Бекіре 2025 #браконьерлер #қылмыстық ісPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz