Қазір елде тазалық қызметін көрсететін компаниялар көбейіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Клинерлерге жүгінетіндер көп. Айтпақшы, бүгін осы тазалық саласы қызметкерлерінің мейрамы.
Мадина Байкенова клининг нарығына 5 жыл бұрын келді. Міндеті – қарапайым үйден бастап, зәулім-зәулім ғимараттарды мұнтаздай ету. Кәсіпкер елордадағы елшіліктермен де байланыс орнатқан. Тұрақты клиенттерінің қатары артып жатыр. Бәсекеге толы ортада бәсі бүтін.
Мадина Байкенова, клинингтік компания жетекшісі:
- Біздің құрылған командамыз бар. Сол командамызбен біз мақтанамыз. Қазір «текучка кадров» өте көп, біраз компанияда. Бір күн істеп, екінші күні кетіп жатқан. Біздің командамыз өте мықты. Бір-бірімен дос.
Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны осыдан. Ауызбіршілік пен адамгершілік – клининг нарығында бағаланатын басты қасиет. Елорданың өзінде бұл салада жүздеген адам еңбек етеді. Өзгенің көңілін табу оңай емес. Әйтсе де, жас та, жасамыс та клинер қызметінен хабардар екен.
Сауалнама:
- Қазір жасымыз үлкен. Белім ауырады. Сондықтан кейде үйді жинатуға шақырамын. Бір айда екі рет.
- Мен клинингтік қызметті өте ыңғайлы деп ойлаймын. Әсіресе асыққан кезде. Бірақ біз ол көмекке жүгінбейміз. Үйде үш қызбыз. Өзіміз жинаймыз.
- Әрбір жағдай болады ғой. Кейде жұмыспен уақыт болмайды. Ауырып қалады. Сондықтан кейде қолданамын.
- Клинингтік қызметке жүгінбеймін. Үйде жолдасымыз екеуміз ғанамыз. Өзіміз тазалап аламыз. Ешкімге жүгінбейміз. Өзімізге ғана сенеміз.
Тазалау қызметінің пайда болуы қонақжай халқымыз үшін зор мүмкіндік екені даусыз. Соның дәлелі болар, еңбек нарығында жалдамалы үй қызметкеріне сұраныс артқан.
Мұхамед Бағдатұлы, HeadHunter Орталық Азия компаниясының маркетинг және PR менеджері:
- Жұмыс беруші тарапынан және жұмыс іздеушілер тарапынан үй қызметкері өте сұранысқа ие. Осы уақыт аралығындағы жалақы мөлшерлемесі 308 мың теңгені құрайды. Жұмыс берушілер тарапынан үй қызметі, жалдамалы қызметіндегі адамдарға 290 мыңнан аса жалақы ұсынады екен. Тіпті резюмелердің санына келетін болсақ, осы қызмет көрсету саласындағы адамдардың түйіндемелері екінші орында тұр.
Клининг саласында еңбек ететіндердің дені – қыз-келіншектер. Күміс жастағы әйелдердің де үлесі басым. Олар әр үйге өз шаңырағындай қарап, қуыс-қуысты қалдырмай жинап кетуге міндетті. Қызмет ақысы шаршы метрге қарай есептеледі.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап
Тегтер #клининг #тазалық қызметі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz