Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қиыр Шығыстан Қазақстанға 40 мыңнан астам кәріс ұлтының өкілі жер аударылды. Зұлмат жылдардың зобалаңына қарамастан оларды қазақ халқы қамқорлығына алды. Бүгінде өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған ұлыстың ұл-қыздары елдің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Үштөбе қаласында тұратын Агафья Лидің отбасы.
Сарғайған суреттер Агафья Лидің отбасылық тарихынан сыр шертеді. Қиыр Шығыстан қазақ жеріне күштеп қоныстандырылғанда оның ата-анасы 10 жаста болыпты. Кейін екеуі шаңырақ көтеріп, 8 баланы өсіріп жеткізді. Бүгінде үлкен әулетке айналған олар әрбір мерекеде бас қосады. Өткенді еске алып, бүгінгісіне шүкіршілік етеді.
Агафья Ли, Үштөбе қаласының тұрғыны:
- Ата-анамды қазақ жері, халқы құшақ жая қарсы алды. Әрине, қиын болды. Бірақ әкем мен шешем өте еңбекқор адам болатын. Әкем ауыл шаруашылығында еңбек етсе, анам үйде отырып, әртүрлі бұйымдарды тоқып сататын. Осылайша бәрімізді өсірді. Қазіргі жағдай да жақсы. Еңбек етем деген адамға мүмкіндік мол.
Бала күннен бау-бақша егіп, еңбекпен есейген жандар 30 жылдан бері отбасылық кәсіппен айналысады. Үштөбеде мейрамхана салып, сауда-саттық орындарын ашқан. Әртүрлі тағам дайындайтын цех пен наубайхана ісін де өркендетіп отыр.
Наталья Ли, Үштөбе қаласының тұрғыны:
- Балаларымызды еңбекке баулып өсіріп жатырмыз. Оларға адам баласына сый-құрметпен қарауды, отбасылық құндылықтарымызды сақтауды үйретіп жүрміз.
Жетісу облысында кәріс диаспорасының этномәдени орталығы жұмыс істейді. Сол арқылы олар салт-дәстүрін сақтап, өзге де қоғамдық шараларға атсалысады.
Еркебұлан Ақболатов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры:
- Қазіргі күні 22 этномәдени бірлестік бар. Бұл ұйымдардың барлығы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысу бағытында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бұл этномәдени бірлестіктердің барлығына қаржылай әдістемелік және ұйымдастырушылық көмектер көрсетіледі.
Жетісу облысында 9 мыңнан аса кәріс ұлтының өкілі тұрады. Олар «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнатып, қиын кезеңде қол ұшын берген ұлтқа деген құрметін білдірді. Жыл сайын ескерткіш маңында тарихқа тағзым етіп, ел бірлігін дәріптейді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын
Тегтер #24KZ #корейлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz