Шығыс Қазақстан облысындағы таулы Катонқарағай ауданында әуежай ашылса, ондағы шипажайларға жылына 250 мыңнан астам турист келеді, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті сарапшылар осындай болжам айтып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің шығысындағы көрікті аймақта заманауи әуежайлардың құрылысы басталды. Халықаралық деңгейде салынып жатқан жаңа нысан ірі ұшақтарды да қабылдай алады.
Бұл келешекте ірі көлік-логистикалық хабқа айналатын Зайсандағы болашақ әуежайдың орны. Мұнда қазір ұшу-қону жолағы дайындалып жатыр. Ауданы 4 мың шаршы метр болатын жаңа әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Сондай-ақ халықаралық бағыттарға да рейстер ашылады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Әуежайлар халықаралық талаптарға сай салынады. Олардың шетелдік ірі авиалайнерлерді де қабылдауға мүмкіндігі болады.
Зайсандағы әуежайдың құрылысына 16 млрд, Катонқарағайға 22 млрд теңге инвестиция тартылады. «Бұл тиімді жоба», – дейді мамандар. Катонқарағай ұлттық табиғи паркі мен Рахман қайнарына жыл сайын 100 мыңнан астам турист келеді. Қазақстанның Швейцариясы атанып кеткен аймаққа саяхатшылар бірнеше күн бойы жол талғамайтын көлікпен әрең жетуші еді. Енді небәрі 1 жылдан кейін туристер Алматы мен Астана қаласынан 1,5 сағатта келе алады. Сала мамандарының айтуынша, әуежайлар ашылғаннан кейін келушілер саны кем дегенде 3 есе артады.
Сауалнама:
- Келушілер тұмса табиғатты, ерекше көріністі көріп еркіндікті сезінеді. Екінші Швейцария атанған өлке таңдандырмай қоймайды.
- Бұл жерді көргендер шынында Швейцарияға ұқсатады. Таулы Үлбі мен Бұқтырманы тамашалағандар таңдай қағады. Мұндай табиғаттың барын бәрі біле бермейді.
Зайсан мен Катонқарағайдағы әуежайларды 1 жыл ішінде салу жоспарланып отыр. Бұл шынында рекордтық көрсеткіш. Құрылыс аяқталғаннан кейін әуежайда қызмет көрсетуге жүздеген маман қажет болады. Ал оларды жергілікті білім ордаларында оқыту жоспарланып отыр.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Биыл авиатехниктерді, авиамеханиктер мен диспетчерлерді даярлауды бастаймыз. Мұнда жергілікті студенттерді ғана емес, өзге өңірлерден де келіп білім ала алады.
Осылайша еліміздің шығысы халықаралық туристік орталыққа айналмақ. Өлкенің көркем табиғатын көргісі келетін туристер енді Зайсанға немесе Катонқарағайға ұшақ билетін алса болғаны. Мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Зайсан #әуежай #24KZ #Таңдаулы #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz