RU
Толық нұсқаға өту

Биыл аймақтарды дамытуға ₸8 трлн-ға жуық қаражат бөлінді

10.04.2025, 07:51 445

Биыл аймақтарды дамытуға 8 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл республикалық бюджеттің 30%-ы.

Дегенмен кейінгі жылдары өңірлердің қаржылық тәуелділігін азайтуға көңіл бөлініп жатыр. Жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. Алайда барлық облыстың әлеуеті бірдей емес.

Өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыру үшін не істеу керек?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аймақтардың, әсіресе ауылдың дамуын назарға алды. Олардың экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, арттыру керек. Қазір өңірлердегі демографиялық ахуал тең емес. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орнын құруға түрліше әсер етуі мүмкін. Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметовтің айтуынша, әр аймақтың өзіне тән артықшылығын айқындау керек. Ауыл шаруашылығына не индустрияға бейімделген елді мекеннің инфрақұрылымын жетілдіріп, бизнестің дамуына жағдай жасау маңызды. Бұл өз кезегінде миграциялық үдеріске де әсерін тигізеді.

Қайсар Нығметов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз бұл бағытта мониторинг жүргіземіз. Көптеген ауыл мен қалалар инфрақұрылым жағынан ақсап тұр. Мұның өзі адамдардың өмір сапасы мен бизнесті сапалы жүргізуіне әсер етеді. Ауыл шаруашылығы не индустрияға бейімделген өңірлердегі олқылықтарды толтыру керек. Бұл өте маңызды. Алдағы жылдары елде 200 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл облыстардың дамуына мүмкін болары сөзсіз

 

Сарапшы: Қайта өңдеу және ауыл шаруашылығын дамыту керек

Өңірлерді дамыту ұлттық экономиканың өркендеуіне себеп болуы мүмкін. Сарапшы ең алдымен қайта өңдеу саласын дамытуға кеңес береді. Шикізатты ел ішінде өңдеп, дайын өнімді үлкен нарыққа шығару маңызды. «Бұл бизнес үшін де, бюджет үшін де тиімді», - дейді. Қайсар Нығметовтың пайымынша, шағын индустриялық аймақтардың өндірістік әлеуетін арттырған жөн. Ол арнайы экономикалық аймақтар да толық қуатта пайдаланылмай жатқанын атап өтті. Ауыл шаруашылығын да дамыту қажет. Бұл біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің кепілі. «Өңделген өнімді өзімізде, артылғанын экспортқа шығаруға машықтану қажет», - дейді сарапшы.

Қайсар Нығметов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Аймақтарға жіктеп айту қиын. Дегенмен кез келген өңірде үлкенді-кішілі әлеует бар. Оны барынша пайдалану керек. Мемлекет басшысы Үкіметке жаңадан құрылған облыстарға баса назар аударуды тапсырды. Оларға қолдау көрсетіледі.

 

Аймақтар бюджеттік тәуелсіздікке ұмтылады

Биыл жергілікті атқарушы билік түрлі бағытқа 19,3 трлн теңге жұмсамақ. Ел қазынасынан 7,7 трлн теңге бөлінді. Қаржы министрі Мәди Тәкиев облыстардың қаржылық тәуелділіктен арылып жатқанын айтты. Бюджет шығыны да барынша қысқарып, ашық бола түскен. Бірінші тоқсанда мемлекеттік сатып алуға 600 мың өтінім түсті. Оның ішінде отандық өндірушілердің өнімін сатып алу екі есе өсіп, 125 млрд теңгеге жеткен.

 

Елімізде республикалық және жергілікті бюджетті теңестіру көзделеді

Жалпы елде республикалық және жергілікті бюджетті теңестіру көзделеді. Қаржы министрлігі трансфертті жоспарлағанда жергілікті бюджеттің кірісі мен шығыс болжамы ескерілетінін жеткізді. Ал келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы билік бюджеттік инвестициялық жобаларды өздері анықтауға тиіс. Шығынның мақсатты болуы бюджеттік кодекс аясында бақылауға алынады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz