RU
Толық нұсқаға өту

Оралда 60 көшеге жөндеу жұмыстары басталды

10.04.2025, 09:17 576

Оралда қыстан шұрқ-тесік боп шыққан жолдардың жайы сын көтермейді, деп хабарлайды 24kz.

Сол себепті 60 көшеге жөндеу жұмыстары басталды.

Одан бөлек, биыл облыс орталығында 50 шақырымдай көшенің жолын күрделі жөндеу көзделген.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Биыл салынған жолдың сапасына шын бағаны келер көктем береді. Қытымыр қысты артқа тастағанда шұрқ-тесік болатын көшелер қалада аз емес. Әсіресе, ауыр жүк көліктері қатынайтын негізгі көшелер жылдам жарамсыз боп қалады. Жүргізушілер ой-шұңқырдан қанша қашуға тырысқанымен, көліктерін бүлдіріп сан соғып жатады.

Юрий Головинкин, жүргізуші:

- Орталық көшелер мынадай болғанда шет жақтағы көшелердің қандай екенін сұрамаңыз. Шұрық-тесік. Ай сайын көліктің түрлі бөлшектерін ауыстырамыз. Қар кетіп, жаз шыққанына бір айға жақындады. Тезірек жолдарды жөндесе дейміз.

Биыл қалада 60 көшеге ағымдағы жөндеу жасалмақ. Қазір мердігерлер өз міндетін атқаруға кірісіп те кетті. Арнайы техникалар әзірге Пугачев, Тәуелсіздік, Сырым Датұлы, Гагарин көшелеріндегі жолдың шұңқырын жамап жатыр. Одан бөлек, биыл шаһарда 53 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланған.

Дархан Еркінұлы, Орал қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Кенттік округтерді қосқанда 690 км жол желісі бар. 440 шақырымы асфальт. Қалған бөліктерінде жөндеу жоспарланған. Қазір 29 көше бойынша реконструкция, қайта жаңғырту, 2 көше күрделі жөндеу, 6 көше орташа жөндеу жоспарланған. Қазір экономикалық бөлімге бюджеттік өтінім жіберілді. Қаражат қазіргі уақытта бөлінген нысандар бойынша жұмыстар басталды.

Облыс орталығында 2025-2026 жылдарға жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайтын 47 көшенің жолын жөндеуге жоба әзірленіпті. Бұл мақсатқа қажетті қаражат көлемі 10 миллиард теңгені құрайды.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz