RU
Толық нұсқаға өту

Жеңістің 80 жылдығын Түркістан облысынан 8 ардагер қарсы алады

10.04.2025, 10:27 768

Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагер қалды, деп хабарлайды 24kz.

Күні кеше Түркістан қаласындағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері Немет Әбдірасылов 104 жасқа қараған шағында дүние салды.

Отан үшін от кешіп, жеңісті жақындатқан майдангерлер қатары жыл санап сиреп барады. Соғыс жылдары өңірден 140 мыңнан астам сарбаз майданға аттанса, солардың тең жарысы ғана елге аман оралған.

102 жастағы Әкімбай Жұмабаев 1923 жылы 15 қаңтарда Ақпарақ ауылында дүниеге келген. 18 жасында 122 атқыштар полкінің құрамында майданға аттанды. Сталинград түбіндегі кескілескен ұрысқа қатысып, барлаушылар тобында болды. 1943 жылы аяғынан жараланып, елге оралды. Содан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсады.

Әкімбай Жұмабаев, соғыс ардагері:

- Мен осы колхозда тракторға шөп бастым. Трактористерге бригадир болдым. Көп жұмыс істедім. Қазіргі жастар істемейді ондайды.

Жайлау Сұлтанов, туыс інісі:

Соғысты жеңіп келіп, одан кейін жоқ болып кеткен экономикамызды, жалпы мына елдің ахуалын көтеріп, еңбек етіп, еліне үлес қосқан санаулы құны жоқ азаматтарымыздың бірі деп есептеймін.

Ғасыр жасаған қарияның денсаулығы жақсы болғанымен, көп нәрсені ұмытып қалған. Сұрапыл соғыс жылдары туралы ашылып айта бермейді. Десе де, қарт майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Жеңіс мерекесін жыл сайын өз үйінде, бала-шағасы мен ағайын-туыстың ортасында қарсы алады.

Сәдуақас Жұмабаев, соғыс ардагерінің ұлы:

- Әкеміз Құдайға шүкір, өз аяғымен кіріп-шығады. Ешкімге зияны жоқ. Әкемізбен мақтанамыз. Дәрігерлер келіп тұрады. Аудан, ауыл әкімдері хабар алып тұрады. Президетімізге рахмет, осындай соғыс ардагерлерін қолдап, көмек көрсетіп жатқанына.

Бүгінде қарт-майдангер 4 ұл, 2 қызынан 21 немере, 60 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Ұрпақтарына: «бейбіт күннің бағасын біліңдер», - дейді. Әрдайым елдің амандығын тілеп, жастарға батасын беріп отырады.

Әкімбай Жұмабаев, соғыс ардагері:

- Е, Құдайым оңдасын, жаманшылық болмасын. Ел-жұртымыз аман болып, бейбітшілік заман болсын. Жастырымыз өсіп-өркендеп, қазақ баласы көбейіп, барлық әлемді қазақ билейтін болсын. Әумин!

Соғысқа Қазығұрт ауданынан 8 мыңға жуық сарбаз аттанып, көбі майдан даласында қаза тапқан. Елге аман-есен оралғандары соғыстан кейінгі ауыр тұрмысты түзеуге атсалысты. Ауданнан екі бірдей Кеңес Одағының батыры шықты. Бірі Сабыр Рахымов болса, екіншісі Қарақозы Әбдалиев. Бүгінде жерлестері батыр бабаларының ерлігін мақтаныш етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz