Шымкентте жастар мен студенттердің еңбек жасақтары құрылды.
Олар жаз бойы құрылыс пен туризм саласында жұмыс істейді. Сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсартып, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі мен тазалығын қадағалайды. Жұмысқа кіріспес бұрын азаматтық қозғалыс мүшелері ант беріп, маусымның ресми ашылу салтанатына қатысты.
«Мәңгілік алау» монументі алдында 90 студент сап түзеді. Сұлтанмұрат Мұхтаров та өзгелермен бірге жасақ қатарына қосылып, азаматтық борышын адам атқаруға ант берді. Белсенді студенттерден құралған 6 топ «құрылыс», «гидротехника», «экология» және «қызмет көрсету» бағыттары бойынша еңбек етеді.
Сұлтанмұрат Мұхтаров, "Студенттік құрылыс жасағының" мүшесі:
- Қазір менің оқып жатқан мамандығым құрылыс болып табылады. Яғни бұл маған болашағыма да керек болады. Ал не үшін қосылдың дегенде мен белсенді жастардың басы бірігіп, жасақ құрылғанда шетте қала алмадым. Елді жақсы көремін. Патриотпыз.
Былтыр ел аумағындағы су тасқыны кезінде «Ауыл» партиясының еңбек жасағы белсенділігін көрсетті. Зардап шеккен халыққа қолдау білдіріп, бүлінген баспаналарды қайта тұрғызуға атсалысты. Көпке үлгі болған жасақтың ерлігіне Мемлекет басшысы да жоғары бағасын берді. Осыдан кейін азаматтық қозғалыс қайта жанданды.
Бағдат Қадыров, «Ауыл» ХДПП Азаматтық бастамалар департаментінің директоры:
- Оңтүстік өңірлерде Шымкент қаласының жастары бірінші болып бастап жатыр. Сөйтіп, жастарымызбен 6 отряд құрдық, 90-дай бала. Солардың бәрі төрт бағытта осы Шымкент қаласының, Түркістан облысының дамуына үлес қосады деп сенеміз. Биылға біз мың баламен 60 отрядпен шектеу қойдық. Бірақ келесі жылы ойланып жатырмыз бұл қозғалысты әрі қарай дамытамыз деп.
Аймақтарда республикалық штабтың бөлімшелері ресми түрде ашылды. Әр жасақтың өз коммандирі бекітілді. Жалпы олар 10 бағытта саланы дамытуға көмек көрсетіп, тәжірибе алмасады. Үш жақты меморандум аясында қажетті киіммен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздігі қорғалады. Еңбек заңнамасына сәйкес қаржылай төлем де алады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #Шымкент #студент #жұмыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz