RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысында батырдың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

11.04.2025, 08:40 1133

Кеңес Одағының батыры Иманғали Білтабановтың туғанына биыл 100 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ. Жаудың бетін қайтарып, Одер өзенін кесіп өту кезінде ерлікпен қаза болған батырдың рухына құран бағышталып, естелік шара ұйымдастырылды. Әріптестеріміз батырдың есімі берілген мектепте болып қайтты.

Иманғали Білтабанов Ақтөбе облысының Қосөткел ауылында дүниеге келді. 1943 жылы әскерге шақырылып, 289-шы Нарва атқыштар полкінде пулеметшілер жасағын басқарады. Сол жылы Одер өзені жағасында болған қиын-кескі шайқаста ол жаудың 10-нан астам солдаты мен офицерін жер жастандырады. Қоршауға түсерін сезген батыр гранатамен дзотқа секіріп, өзімен бірге жарып жібереді. Екі жылдан соң Иманғали Тәукешұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Зұлқарнай Башпай, И. Білтабановтың туысы:

- Ол 20 жасқа толмай дүниеден өтті. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқан еді кезінде: «Адам болу – қасиет, азамат болу міндет. Ал патриот болу – ол парыз». Сондықтан осы жастарымыздың мойнындағы парызы – патриот болу, елді қорғау. Өте қуанышты, бақытты деп ойлаймын, осы Қазақстанымызда өмір сүру. Сондықтан да осы елге қызмет атқаруымыз керек.

Бейбіт өмір үшін жанын пида еткен ердің есімі ел есінде. Қазір Қобда ауданындағы ауыл және орта мектеп батырдың есімімен аталады. Оқу ордасында майдангердің 100 жылдығына орай естелік шара өтті. Көрмеге қазақ сарбазының өмір жолын суреттейтін фотосуреттер мен құжаттар қойылды.

Қажымұкан Сәтенов, «ҚР Қорғаныс ардагерлері» ҚБ облыстық филиалының төрағасы:

- Менің әскери адам болуыма сол кісі себепкер болды. Себебі бала кезімнен осындай аға сияқты батыр болғым келіп, сол оқуды бітіре сала әскери училищеге түсіп, академия бітіріп, өмір бойы осы әскери салада жүріп жатырмын. Осы жерде спорттық шара өтеді. Соны қарап, жастарымызға ақыл-ойымызды айтып, болашақта еліміздің патриоты болуға шақырамыз.

Нағима Ғадылжанова, оқушы:

- Мен ойлаймын, бүкіл қазақ елі өзінің ата-бабаларын еске алып жүру керек және де аты шықпаған ата, ағаларымыз бар. Апаларымыз бар. Оларды еске алып жүруіміз керек.

Сұрапыл соғыс жылдары Қобда ауданынан 6 мыңнан астам адам соғысқа аттанды. Олардың тең жартысынан астамы туған жерге оралған жоқ. 8 жауынгер Батыр атағын алды.

Айта кетсек, биыл аудан халқы қазақтың қос шынарының бірі, есімі әлемге әйгілі снайпер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын да кең көлемде атап өтеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz