RU
Толық нұсқаға өту

WorldSkills Almaty-2025 чемпионатына 200 студент қатысуда

11.04.2025, 23:45 652

Алматы қаласындағы колледждердің екі жүзге жуық студенті World-Skills Almaty 2025 өңірлік чемпионатына қатысуда, деп хабарлайды 24kz.

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған шара биыл оныншы рет өтіп отыр. Сарапшылар колледждерде оқытылатын 25 мамандық бойынша жеңімпазды анықтайды. Өңірлік чемпионаттың үздіктері биыл күзде Астанада өтетін World Skills ұлттық чемпионатына қатысады.

WorldSkills Kazakhstan – бұл елімізде он жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқан ұлттық жастар қозғалысы. Оған колледж студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ жұмыс беруші компаниялардың өкілдері қатысады. Чемпионат бағдарламасында еліміздегі кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытылатын барлық жұмысшы мамандықтары қамтылған. Республика бойынша олардың жалпы саны – 53. Ал Алматы чемпионатында 25 мамандық бойынша сайыстар өтуде.

Сайран Сайфеденов, Алматы қ. Білім басқармасының басшысы:

- Кәсіпорындар қатысып жатыр, жұмыс берушілер көріп, мамандарын қарап жатыр. Бұлар да өздерінің сұраныстарын беріп, қандай мамандықты қайта даярлау керек, болмаса, біліктілігін арттыру керек, соның ұсыныстарын ескере отырып, біздің колледждарымыз студенттерді дайындаған кезде ескеріп, толық заманға сай, жаңағы болашақта еңбек нарығына кіретін адамдарды дайындайды.

Чемпионат жеті бағыт бойынша өтуде. Құрылыс, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, инженерия, өнер мен дизайн, әлеуметтік қызметтер, көлік пен логистика, білім беру салалары бойынша байқауды сертификатталған сарапшылар бағалайды.

Таңшолпан Төлендиева, Worldskills Almaty-2025 сарапшысы:

- Бұл мамандықты таңдау себебім, мен бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, көмектесу маған қызық болды. Сол себепті мен ойлаймын, техникаға жақын болғаным да әкем себепші. Балаларды жақсы көріп, оларға сабақ беріп, оларды дамытып оқыту менің өмірлік мақсатым ба деп ойлаймын.

Байқау талабына сәйкес қатысушылар сарапшылар берген тапсырманы орындайды, нәтижеге қарай ұпай жинайды. Бір қызығы, кейбір сайыстар 18 сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Ал, қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласының тапсырмалары қысқа уақытта орындалады.

Ерке Әліпбек, колледж студенті:

- Бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын, болашақта маған көп жолдар ашады. Сонымен қатар дизайн ол маған өте қызықты хобби сияқты ретінде болады. Болашақта жұмыс істегім келеді осы мамандық бойынша.

Байқау аясында оқушылар үшін «Менің болашақ мамандығым» жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жасөспірімдерге өндіріс саласының үздік мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, мамандықтар туралы ақпарат беріледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz