Жетісу облысында қант қызылшасы егіле бастады.
Биыл шаруалар 12 мың гектардан астам жерге тәтті түбір сеуіп, жарты миллионнан астам тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Марат Қоржынбаев егіс алқабын тырмалап, қант қызылшасын себуге дайындалып жатыр. Бірер күнде іске кірісетін шаруа науқанды жаңа техникамен бастайды. Лизингке алынған трактор мен тұқым сепкішті механик Арман Басшыбаев тексеріп, дала жұмыстарында сынап көрмек.
Арман Басшыбаев,механизатор:
- Бүкіл комфортты адамға жасалған. Отырған кезде кондицонер, печкасы бар. Жаңа тракторға отырғаннан кейін алды артына қарау камерасы, келген кезде су, майын тексеру, бүкіл нәрсесін қарап жүріп жатырмыз.
Дала еңбеккерлері былтыр 30 гектардан 700 центнер тәтті түбір жинады. Биыл жаңа техника көмегімен одан да мол өнім алуды көздеп отыр. Себебі ауыл шаруашылық көліктері мен жабдықтары агротехнологияны сақтауға мүмкіндік береді. Әрі әмбебап құрылғымен бірнеше дақыл себуге болады. 30 жылдан аса егіншілікпен айналысатын шаруа саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды.
Марат Қоржынбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Бізде диірмен керек облыста. Өйткені біздің Алакөл, Сарқан, Ақсу, Кербұлақ бұлардың бәрі енді бидайдың жері. Олар бидай себеді өңдейтін өнім жоқ. Шығарған нәрсесінің құны болмай қалады. Өткізе алмайды. Өзімізде диірмен болып ұн шығарған нәрсе оларға да баға болады. Халыққа ұн арзан болып келеді.
Қаратал ауданы бойынша биыл 22 мың гектар суармалы егістік жер игеріледі. Соның 760 гектарына қант қызылшасы себіледі.
Ілияс Саяқбаев, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- 760 гектардың бәріне амофос себілген. Техникалары дайын. Арзандатылған дизель отыны алынды. Жаңа техника да алынды 50 дана. Жаңа техниканың 30 пайызы субсидияланады. Тыңайтқыштар 50 пайыз субсидияланады. Және дизель отыны 252 теңгеден шаруаларға өте үлкен көмек болып отыр.
Жетісу облысында жеңілдік арқылы ауыл шаруашылық техникаларын алуға 176 қожалық өтініш беріп, қолданыстағы көліктерін жаңартуға ниеттеніп отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #Жетісу #қант қызылшасы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz