Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері Анна Котова 101 жасқа толды.
Қарағанды облысының Осакаровка ауданында тұратын кейуана әлі тың. Отын жағып, ас-суын да өзі дайындайды. Майдан жылдары Анна Никонорқызы госпитальде медбике болған. Ол жүздеген жауынгердің өмірін құтқарды. Ардагер соғыс жылдарындағы естелігімен бөлісті.
Соғыс басталғанда 18 жаста болған Анна Котова бірден медбикелерді даярлайтын курстан өтеді. Содан кейін өз еркімен соғысқа сұранады. Алайда бойжеткенді әскери комиссариат бірнеше мәрте кері қайтарады. Бірақ Анна өз дегенінен қайтпайды. Әскер қатарына алынған бозбалалар мен бірге соғысқа баруға бел буады.
Анна Котова, соғыс ардагері:
- Екінші күні келдім, мені тағы да қуып шықты. Мен сізге шынымды айтып отырмын. Кабинеттен жылап шықтым. Жақсы, үшінші рет қуа алмайсыздар дедім. Ол мен сізге айттым ғой енді қайтып келмеңіз деп шығарып салды. Сенесіз бе мен үшінші рет келдім.
1943 жылы Анна Котова Украинаның 2-фронтындағы эвакуациялық госпитальға жіберіледі. Соғыс аяқталғанымен мобилизацияға тек 1946 жылдың маусым айында шығады. Өмір үшін арпалысқан әрбір пациент соғыс ардагерінің есінде сақталған.
Анна Котова, соғыс ардагері:
- Бір ұшқыш болды. Ол кеуде тұсынан жараланған еді. Жарасының ауырлығы сонша жүрегі көрініп тұрды. Оның жанынан кетуге болмайтын. Медбикелер жетіспей жатты. Мен осы қолыммен қанша жаралы жауынгердің жарасын емдеп жаздым. Бүгін қабылдаймыз, ертең шығарып саламыз. Басқа адамдар келіп түсіп жатады. Аяқ, қолдары жоқтарын көрдім.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қарт майдангер 101 жасқа толып жатыр. Анна Котова көмекшісі бола тұра бәрін өзі істейді. Тамағын дайындап, пеш жағады. Үй жануарларына қарайды. Жасы ұлғайғанына қарамастан көңіл күйін түсірмейді. Майдан жылдары сарбаздар бойжеткеннің қайсарлығына тәнті болыпты. Ол соғыста оқ тиіп, құлаған талай жаралы сарбазды арқалап келген.
Анна Котова, соғыс ардагері:
- Мен бала күнімнен қорқу дегенді білмейтінмін. Бала болдым деп те айта алмаймын. Өйткені 18 жасымда соғысқа кеттім. Сондықтан жас күнім үйде емес соғыста өтті.
Қарағанды облысында Жеңіс күнін 8 соғыс ардагері қарсы алады. Мерекенің құрметіне олардың әрбіріне 5 миллион теңгеден сыйақы беріледі.
Қарлығаш Қасиетова, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #24KZ #Жеңіс күні #соғыс ардагеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz