Абай облысында 50-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Олардың көбі қиын-қыстау заманда қазақ жеріне қоныс аударылған. Бүгінде бәрі туған өлкенің көркеюі мен дамуы үшін еңбек етіп келеді. Әр халықтың өз тарихы мен мұрасы сақталған. Ал олардың арасындағы достық пен түсіністік – Қазақстанның бірлігінің айқын көрінісі.
Лилия Гончаруктың ата-анасы 1941 жылы Ресейден Қазақстанға жіберілді. Оларды вагондарға отырғызып, өздері білмейтін елге аттандырған. Анасы Үржар ауданына қоныс аударылды. Ал әкесі соғыста жараланып, Семей жеріне келеді. Бұрғон ауылында жұмыс істеп жүріп, екеуі шаңырақ көтерген.
Лилия Гончарук, «Возрождение» неміс орталығының жетекшісі:
- Менің әке-шешем Ресейдің әр жерінде тұрған. Екеуінің ұлты неміс. 1941 жылы 28 тамызда немістерді көшіру туралы заң шығады. Содан анам отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Ал болашақ әкем сол кезде соғыста жараланғандықтан, Үржар ауданына жіберілді. Екеуі сол жерде танысты. Менің балалық шағым да сол өлкеде өтті.
1956 жылы олардың төлқұжатын қайтарып, қалаған жерлеріне көшуге рұқсат берілді. Бірақ қазақ жері олардың отанына айналып үлгерді. Қазақстанда туып-өскен неміс ұлтының өкілі ел халқының бірлігіне әрдайым тамсанатынын айтады. Сол бір қиын кезеңде туған жерінен ажырап қалған басқа ұлт өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. «Ата-анам үнемі алғысын білдіріп отыратын», – дейді Лилия Гончарук.
Лилия Гончарук, «Возрождение» неміс орталығының жетекшісі:
- Менің құрбыларым көп. Қазақ, орыс және басқа ұлт өкілдері де бар. Бірақ біздің арамызда, біздің қоғамда бөліну деген жоқ. Ол туралы ойлап та көрмеппіз. Осында береке-бірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма, менің немере, шөберелерімнің осында болғанына тағдырыма мың алғыс айтамын.
Абай облысында 602 мыңнан астам адам тұрса, оның 100 мыңға жуығы – өзге ұлт өкілі. Жалпы саны 45 этномәдени бірлестік бар. Қазір Семейде татар халқының бірегей шығармашылық мектебі жұмыс істейді. Орталықта балалар ән айтып, би үйреніп түрлі аспаптарда ойнайды.
Рашит Атноғұлов, Татар шығармашылық мектебінің директоры:
- «Татар шығармашылық мектебінде тек татарлар ғана оқиды ма?», – деп бізден үнемі сұрап жатады. Әрине, олай емес. Мұнда түрлі ұлт өкілі бар. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға тырысамыз. Одан қалды тұрақты түрде қайырымдылық шаралар ұйымдастырамыз.
Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылығанына 30 жыл болады. Айтулы датаны тойлау шеңберінде 200-ге жуық шара ұйымдастырылады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы
Тегтер #Абай облысы #ҚХА 30 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz