RU
Толық нұсқаға өту

Тараздық Фарида Нақыштың қазақ пен татар мәдениетін ұштастырудағы рөлі зор

13.04.2025, 10:37 771

Жамбыл облысында 87 ұлттың өкілі тұрады. Олар қазақтың тілін үйреніп, дәстүрін дәріптеп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Бірлестік өкілдері қайырымдылық ісіне де жиі жұмылады. Елдің дамуына үлес қосып жүргендердің бірі – Фарида Нақыш.  

Мерей Бает, тілші:

- Фарида Нақыштың ұлты – татар. Ол 1980 жылы Таразға оқуға келген. Қазақы ортада жүріп, кейін өмірлік серігін де осы өңірден тапқан. Бүгінде өз ұлтының дәстүрімен қоса қазақтың да салтын дәріптеп жүр.

Фарида Нақыш, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» ҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы:

- Қазақ ұлтының, татар ұлтының тағамдарын, тәрбиесін осы екі қызыма үйреттім. Қазірігі уақытта менің қыздарым татарша да, қазақша да, қонақты да күте алады, дастарханды да жаяды. Салт-дәстүрін үйреттім қыздарыма. Қалай сәлем беру керек. Енді құдаларым өзіме келгенде құдалықты да жасадым, нағыз қазақша.

Фарида Нақыш қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Ол – аймақтағы татар-башқұрт бірлестігінің төрағасы. Білім саласында ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етеді. Бірнеше мемлекеттік марапат та алған. Ұстаз студенттерге ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.

Андрей Ленский, колледж студенті:

- Фарида Фаридқызы – көпжылдық жұмыс өтілі бар мықты ұстаз. Студенттерге біліммен қоса тарих, мәдениет ұлтаралық қатынас жайында жиі айтып отырады. Жастармен жиі кездесіп, өмірлік тәжірибесімен де бөліседі. Қайырымдылыққа жаны құмар жан екенін жақсы білеміз.

Өңірде 78 этномәдени бірлестік тіркелген. Олар қоғамдық жұмыстарға атсалысып, қайырымдылық шарасын жиі өткізеді.

Мүбарак Жинақбаева, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

- Алғыс айту күнінде аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, 800 отбасыға 16 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл бір күндік бір реттік жұмыс емес, бұл жүйелі түрде жыл бойы жалғасын табады. Біздің облысымызда 8 ауданда 32 елді мекенде этностар көп шоғырланған. Сол ауылдардың барлығында қамтып, бейбітшілік және келісім достық керуені жобалары да өзінің жалғасын тауып, бірлік пен татулықты сақтауға үлесін қосатын болады.

Жамбыл облысында 87 этнос өкілі тұрады. Олар сан салада еңбек етіп, қоғам мен ел дамуына елеулі үлес қосып жүр. Бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 30 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шараларға қызу дайындық үстінде.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz