RU
Толық нұсқаға өту

Леңгірлік энергетика саласының ардагері жастарға білгенін үйретіп жүр

13.04.2025, 14:34 624

Жауын-шашын мен аптап ыстыққа қарамай еңбек ететін мамандық иелерінің бірі – энергетиктер. Олар қауіп-қатерге басын тіге жүріп, уақытпен санаспай халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды 24kz.

Солардың бірі – Леңгір қаласының тұрғыны Махамбетқали Машаев. Энергетика саласының ардагері зейнетке шықса да жастарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Махамбетқали Машаев Төлеби аудандық электр жүйесінде 26 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын электромонтер болып бастаған ол өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында бас инженер лауазымына дейін өсті. Еңбегі еленіп, «Қазақстан энергетика қауымдастығының құрметті инженері» медалін кеудесіне тақты. Қазір жастардың жолбастаушысы.

Махамбетқали Машаев, энергетика саласының ардагері:

- Қазіргі таңда жастарды үйрету, «Инвест» бағдарламасын қалай іске асыру керек, іс-жоспарға қалай енгізу бойынша балаларды үйретуге жәрдем беріп жатырмын. Қазір Жылқыбаев көшесінде 88 электр бағанасын ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұтынушылардың электр қуатын пайдалануы өсуіне байланысты біздер үлкен қуатқа енгізіп жатырмыз.

Қазір білікті мамандар қай жерде де тапшы. Зейнеткерлікке шықса да, оларға сұраныс жоғары. Энергетика саласы ерекше жауапкершілік, қатаң тәртіп пен жедел дайындықты талап етеді. Сондықтан жаңа келген жас мамандарға Махамбетқали сияқты тәжірибелі шеберлердің ақыл-кеңесі ауадай қажет.

Сұлтан Бегалы, электрик-монтёр:

- Осы қауіпсіздік шараларын үйретеді. Жұмыстың қалай істелуі, қалай орындау керек, барлығын айтады, барлығын түсіндіреді бізге. Сол кісіден қазіргі уақытта көп тәжірибе алып, білмегенімізді сұрап, барлық жұмысты атқарып жатырмыз.

Қазір Төлеби аудандық электр жүйесінде 147 маман жұмыс істейді. Барлығы да Махамбетқали Машаевтың шәкірттері. Олар күн сайын өндіріс алаңында электр желілерін жүргізу, бағаналарды ауыстыру және трансформаторларды орнату барысында ұстаздарының кеңесіне жүгінеді. Білікті маман биыл зейнеткерлікке шықты. Алайда басшылықтың қалауымен әлі де еңбек етіп жүр.

Нұрсұлтан Кенже, Төлеби аудандық электр жүйесінің басшысы:

- Қазіргі таңда жас мамандар келген бойда осы кісімен сөйлестіріп, осы кісіден тәжірибе алуға жөн сілтейміз. Ол кісі өзі қасына алып жүріп, үйретіп, техника қауіпсіздігін үйретеді. Дауылды, жел-жаңбырлы күндері ол кісі үнемі халыққа қызмет етуге дайын. Халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге бірден-бір үлес қосқан үлкен азаматтың бірі.

Аудан бойынша 754 шақырым төменгі кернеулі электр желісі, 398 трансформатор жұмыс істейді. Олар 24 мың абонентті үздіксіз сапалы электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz