Қызылорда облысындағы Үшінші интернационал ауылында 11 ұлттың өкілі бір үйдің баласындай тіршілік кешіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ауыл халқы бір-бірінің тілі мен мәдениетіне құрметпен қарап, достық пен өзара түсіністіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Тұрғындар көптілділікті күнделікті өмірде еркін қолданып, жастар түрлі байқауларға қатысып жүр. Ел бірлігін ту еткен ауылда бүгінге дейін ауыр қылмыс тіркелмеген.
Үшінші интернационалда 11 ұлттың өкілі тұрады. Олардың ата-бабалары сонау 30-шы жылдарғы тоталитарлық жүйенің шырмауына ілігіп, жер аударылған. Мұндағы жас пен кәрі қажет жағдайда бірнеше тілде еркін сөйлесе алады.
Ауыл тұрғындары бір-бірінің тілі, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауды бұлжымас қағида еткен. Олар барлық танымдық шараларды ұйымшылдықпен атап өтеді. Ауылдағы кітапханада оқушылар түрлі байқауларға дайындалады. Талабы таудай өрендер «Абай оқулары» сайысына қатысуға ниетті.
Сабрина Қатипова, Үшінші интернационал ауылының тұрғыны:
- Мен бес тіл білемін. Өзбекше және әзербайжан тілін қазір үйреніп жатырмын. Тағы ағылшын тілін білемін. Тіл байқауларына қатысып жүрмін. Болашақта IT-маман болғым келеді.
Ауылда 50-ден астам аралас отбасы бар. «Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар, аналар кеңесі мен медиация желісі елді мекенде түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады», – дейді аға буын.
Қуаныш Тоғайбаев, қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Қолымыздан келгенше, сөзіміз жеткенше ақыл айтамыз. Өзіміздің кезінде істеген еңбегімізді айтып, сендер де осындай болып өмір сүріңдер деп айтып жатамыз. Орындайды балалар, жақсы. Еңбекқор ауылдың балалары. Тату-тәтті бір отбасындай өмір сүрып жатырмыз.
- Ғасырға жуық тарихы бар көпұлтты елді мекенде осы уақытқа дейін ешқандай ауыр қылмыс тіркелмеген. «Бұл береке мен бірліктің, өзара түсіністіктің жарқын үлгісі», – дейді ауыл ақсақалдары.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев
Тегтер #ҚХА 30 #Қызылорда облысы #ұлттар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz