Еліміздегі 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Жыл соңына дейін ірі қалалар мен шалғай аудан-ауылдардағы ескі бекеттер толығымен жаңаланады. Әсіресе туристер жиі баратын станцияларға басымдық беріліп отыр. Жоспарлы жұмыстың ауқымдысы Ақмола облысында іске асырылмақ. Өңірдегі 16 нысан күрделі жөндеуден өтіп, жолаушыларға көрсетілетін сервистік қызметтің сапасы артады.
Көрікті көкше жеріне сапарлатқан туристің алғашқы аялдамасы – Бурабай курорттық бекеті. Келушілердің ағыны тәулігіне 1300 адамнан асады. Көрсеткіш әсіресе жаз мезгілінде көбейеді екен. Вокзалдың аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Бой көтергеніне ширек ғасырдан асқан нысанға бүгінге дейін күрделі жөндеу жасалмаған. Биыл бекеттің еденінен шатырына дейін жаңаланады.
Бөгенбай Жадырасынов, Бурабай курортық вокзалының басшысы:
- Пойыздар саны солай қалады өзгеріссіз. Пассажир саны қалады. Курорттық жер болған соң келіп-кететін адамдар көп. Соған байланысты вокзал жаңаша бүгінгі күн талабымен көрінуі керек қой. Сондай жасаймыз деп жатыр. Өте үлкен қаражат бөлінген. Жаңа жылға дейін биыл бітіреміз деп жатыр барлығын.
Бір ғана Ақмола облысында жыл соңына дейін ауылдық жердегі 16 вокзал жаңартылады. Бұл қатарда Атбасар, Ерейментау, Шортанды, Ақкөл, Көкшетау бекеттері бар. Жөндеу жұмыстары кезінде отандық құрылыс материалдарын қолдануға басымдық берілмек. Жоспар сәтімен іске асса, станциялардың өткізу қабілеті артып, заманауи күту залы, ақпараттық жүйелер пайда болады, жаңа сервис түрлері де іске қосылады.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
- Жұмыстары бүгіннен басталады. Мердігер компаниялар белгіленді. Жұмыстарды жылдың аяғына дейін жоспарлап отырмыз. Бұл Ақмола облысында ең көп вокзал модернизация жасап жатқан. Мына біз келіп отырған Бурабай курорттық вокзалы ерекше. Туристерге арналған теміржол.
Жалпы жыл соңына дейін республикадағы 125 вокзал жаңартылады. Ірі қалалардағы бекеттермен қатар шалғай аудандарда орналасқан нысандар да қамтылған. Бүгінгі таңда 22 млннан аса адам теміржол бекеті арқылы қатынап отыр. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасу үшін инфрақұрылымды жақсарту көзделген. Көлік министрлігі биыл 226 жаңа вагонды желіге қоспақ.
«Астана – Бурабай» бағыты – бүгінде ең танымал курорттық аймақ. Күніне дәл осы бекеттен 1300-ге адам ары-бері қатынайды. Жаңа станция іске қосылса, бұл көрсеткіш тәулігіне өседі деген жоспар бар.
Бибігүл Рысжанова, Ақмола өңірлік учаскесінің жолсерігі:
- Көкшетау-Астана, 6830 рейс. Біз график бойынша жұмыс істейміз. Күнде таңертен 8:30-да Көкшетауға шығады. Көкшетаудан 2:20-да Астанаға шығады. Жаз кезінде қауырт жұмыс басталады. Демалушылар көбіне Бурабай станциясына демалуға келген кезде, сенбі-жексенбі күндері бізде өте көп адам болады. Қазір қосымша пойыздар қосылды. Қарағандыдан шығатын электричка.
Айта кетсек, «Астана – Бурабай» станциясы арқылы күніне 20-25 пойыз қатынайды екен. Дәл осы бекет 37 жыл бұрын қолданысқа берілген.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Қанат Махмутов
Тегтер #теміржол #вокзал #пойыз #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz