RU
Толық нұсқаға өту

Бітімгерлердің тәжірибесі еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізіледі

14.04.2025, 15:50 775

Голан жотасының тыныштығын күзеткен қазақ бітімгерлерінің тәжірибесі еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізіледі. Сириядағы сынақтан мінсіз өткен армия меңгерген дағдыларын өзге әріптестерімен бөлісіп, оларды да маңызды миссияларға дайындамақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесуінде мәлімдеді. Жиында Голан жотасындағы ерліктер айтылып, сарбаздарды мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент Қазақстанның 158 азаматы қазір Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүргенін еске салып, болашақта басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл әлемдік аренадағы ел абыройын асқақтатып ғана қоймай, сарбаздарға теңдесіз тәжірибе сыйлайды. 

Президент бітімгер батырлармен кездесті

Голан жотасы – Таяу Шығыстағы тыныштығы теңселген даулы аймақ. Өткен ғасырда тұтанған қарулы қақтығыс әлі күнге дейін шиеленіске толы. Алты күндік соғыстың салқыны алпыс жыл өтсе де басылар емес. Керісінше, өктем басып, өршіп барады. Израильдің солтүстігі, Дамаскі және Иордан өзенінің бастауын бақылауға болатын стратегиялық аймақты иеленуге бәрі дәмелі. Жолындағыны жайпауға дайын, тіпті адам өмірі де түкке тұрмайды. Міне, осындай тұрақсыздық жайлаған мекеннің тыныштығын қазір Қазақстанның Қарулы Күштері күзетіп тұр.

Ұлттық бітімгерлік контингент бұл аймақта 2014 жылдан бастап қызмет етеді. Содан бері жүктелген жауапты миссияда мін, сарбаздарға сын жоқ. Қауіпке бетпе-бет келсе де, ерлік пен батылдықтың туын түсірмеді. Бүгін бітімгер батырлар соғыс алаңын тастап, Ақордада бас қосты. Президент елге оралған әскерилердің арқасында Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз.

 

Сирияда меңгерген дағдылар әскер даярлау жүйесіне енгізіледі

Жиында Жоғарғы Бас қолбасшы бітімгерлік күштерге қосылудың маңызына назар аударды. Шын мәнінде, бұл қатарда болғысы келетін ел көп, бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейді. Ал Қазақстанға берілген мүмкіндік ұлттық әскердің әлеуетін көрсетеді. Бұл абыройды асқақтатын ғана емес, армияны күшейтетін таптырмас мүмкіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Ұлттық армия тағы бір тарихи қадам жасады. Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.

Біліктілік сөзсіз тәжірибе арқылы келеді. Ал Сириядағы соғыста қазақ сарбаздары қауіпке бетпе-бет келді. Біліп-көргені аз емес. Мұны жауынгерлердің сөзінен байқау қиын емес. Олар қарулы қақтығысы қайнаған сынақтан жүздеген тапсырманы мүдірмей орындап, елге дін аман оралды.

Жігер Айыпов, ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгершілік операциялар орталығының басқарма бастығы:

- Бір жыл ішінде контингенттің жеке құрамымен 600-ден астам жауынгерлік тапсыма орындалды. Оның ішінде патрульдеу, эвакуация жасау, медициналық эвакуация жасау және 400-ден астам жарылмаған жарылғыш заттардың көзі жойылды. Бұл өте жауапты қызмет. Өйткені әр офицерден, сарбаздан жоғары тәртіп және біліктілік талап етіледі.

Иә, сарбаздар сынақтан сәтті өтті. Енді бұл тәжірибе текке кетпейді. Жанқияр жауынгерлерге толы армиямызды тәрбиелейді. Яғни бітімгер батырлар меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізіледі. Сөйтіп, қатардағы сарбаздар маңызды миссияларға дайындалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет.

Осы уақытқа дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне Қазақстаннан 80 азамат байқаушы мен штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысты. Оған қоса 700-ге жуық әскери қызметші арнайы операцияларға қатысқан. Бұл қатарда жаужүрек арулар да бар. Әлия, Мәншүк, Хиуза сынды батыр аналардың ерлігін жалғаған батыл қыздар көпке өнеге. Басын бәйгеге тігіп, қауіпті аймақта қатер кезіп жүрсе де, нәзік болмысынан арылмаған олар бүгінгі құрметке деген қуаныштарын жасырмады.

Ардақ Күртебаева, Алматы қаласы бітімгерлік орталығының санитар-нұсқаушысы:

- Бір жылға созылған бітімгерлік миссиямызды сәтті аяқтадық деп ойлаймын. Біздің міндет төтенше жағдай кезінде медициналық эвакуация жасау болды. Жергілікті тұрғындар қазақстандық мамандарға дән риза. Тыңғылықты дайындық пен командиріміздің дұрыс шешім қабылдай білу дағдысы бәріміздің аман оралуымызға мүмкіндік берді. Бүгін менің туған күнім. Оны Ақордада қарсы алып жатырмын. Бүгін ерекше бақыттымын.

 

Қ. Тоқаев: Босаңсуға мүлде болмайды

Дәл қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Қазақстан болашақта басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отыр. Демек біздің жауынгерлер жер жүзіндегі бейбітшілікті нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек. Президент Қарулы күштерімізге жоғары бағасын беріп, лайықты құрмет көрсетті. Бірақ босаңсуға болмайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында Ақордада арнаулы жасақтар арасындағы беделді халықаралық жарыстан жүлдемен оралған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттадық. Жалпы әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр.

 

Қ. Тоқаев: Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуға тиіс

Қазақстан өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз ел болуға тиіс. Бұл Президенттің ұстанымы. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатқанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс. Себебі біз қазір бәріміз бір ел болып, Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Армиямыздың айбыны арта берсін! Еліміз аман, әскеріміз қуатты болсын!

Әрі қарай Президент Голан жотасында жанқиярлық көрсеткен жауынгерлер мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сарбаздарға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» ордені, Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» ордені және Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Сондай-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді. Марапат төріне лауазымды әскерилерден бастап қарапайым сарбаздар да шықты.

Авторлары: Бекзат Аманов, Бақытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz