Астаналық үлескерлер бес жылдан бері уәделі баспанасын ала алмай жүр, деп хабарлайды 24kz.
«Алдымен алты қабатты үй ретінде жарнамаланған құрылыстың жоспары жыл сайын өзгеріп, қосымша қабаттар қосылды», - дейді олар. Осылайша, зардап шеккендердің саны 100-ге таяған. Бірақ қыруар қаржы құйылғанмен, құрылыстың бойына қан жүгірмеді. Ал банк арқылы ипотека рәсімдеп үлгерген азаматтар бүгін несие қамытынан арыла алмай отыр.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Мына құрылысқа 2020 жылдан бастап 90-нан астам астаналық 4 млрд теңге құйған. R-club деп аталатын жұмақ мекен 2022 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ тұрғын үйдің қазіргі жайы осындай. Ал үлескерлер әлі мердігермен соттасып жүр.
Азаматтар көздің жауын алған жарнамаға алданғанын айтады. Солардың бірі – Жанэль Бейсен. Бизнес санаттағы тұрғын үй алам деп құрылысқа 25 млн теңгеден астам қаражат құйған. Алайда компания уәде еткен 95 шаршы метрдің орнына мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүр.
Жанэль Бейсен, үлескер:
- Ешкім бұл жерді өздігінен алып, құрылыс жүргізе алмайды. Яғни, бұлардың рұқсаты болды. Үй уәделі уақытында тапсырылмай, құрылыс кешіге бастағанда біз әкімдікке бардық. Онда бұл компания қара тізімде жоқ екенін айтып, алаңдамауға шақырды. Қазір ешқандай жауапкершілік алғысы келмейді. Құрылысшылар ғана емес, мемлекеттік органдар да жауапты болуы керек. Қала бойынша мен білетін осындай 50 шақты бітпей тұрған үй бар.
Мәселенің мән-жайын білу үшін елорда әкімдігіне жүгіндік. Мұндағы мәлімет бойынша 2019 жылдан бастап осындай 150 проблемалық үйдің құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 16 мыңға жуық азамат пәтерлі болды. Дегенмен, құрылысқа қаражат құяр алдында мұқият болу керегі ескертілді.
Алтынай Бауыржанқызы, «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ баспасөз хатшысы:
- Тұрғын үй құрылысына қатысу үш тәсілмен жүргізіледі. Біріншісі – тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі. Екіншісі – екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу. Үшіншісі – тұрғын үй құрылысының қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірімен ұйымдастырылады.
Бұл рұқсаттар берілген компаниялар тізімі «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» сайтында көрсетілген. Яғни, осы қатарда бар құрылысшылар ғана халықтың қаражатын жинауға құқылы. Алайда кей кәсіпкерлер заңды айналып өтудің жолын тапқан.
Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үлестік құрылыс шарттарымен ғана жұмыс жасауы керек қой. Бірақ бізде ол заң болғанымен, бізде азаматтық кодекс бар одан жоғары тұратын. Азаматтық кодексте шарттардың басқа да түрлері бар. Оны айта кететін болсақ, брондау шарттары, алдын ала шарттар деген сияқты. Сол мүмкіндікті мердігерлер пайдаланып, құрылысқа ақша тарту механизмдерін жасап алған.
Үлескерлердің қаржысына салынған үйлердің уақытылы берілгені бірен-саран. Бірақ сонда да құрылыстың бұл түріне қызығушылық азаймай тұр. Мәселен былтыр ел бойынша осындай 29 мың келісім жасалып, рекорд орнатты.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Самат Сүлейменов
Тегтер #Астана #үлескерлер #баспана #құрылыс #мердігер #сотPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz