Биыл Батыс Қазақстан облысында республикалық және халықаралық деңгейде 10-нан астам жарыс өткізілді, деп хабарлайды 24kz.
Осының нәтижесінде өңірге 10 мыңға жуық спортшы мен турист келді. Байрақты бәсекелерді өңірдегі ең ірі нысан «Жайық Арена» қабылдады. Заманауи арена түрлі спорттық шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Соңғы кезде өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Орал өңірінде былтыр ел игілігіне берілген спорт нысандарының ішінде бірі де бірегейі – «Жайық Арена» көпбейінді кешені. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтерген нысанның жалпы аумағы 20 мың шаршы метр. Мұнда 16 спорт түрін дамытуға мүмкіндік бар. Күні бүгін 1000-дай жеткіншек кешендегі тегін спорт секцияларына қатысады.
Алан Шайманов, жүзу секциясына қатысушы:
- Жасым 8-де. 4 жасымнан жүзуге барам. Өйткені маған суға жүзген ұнайды. Әсіресе, осында таңмен келіп, салқын суда жүзгенде бойымдағы энергия оянады. Арманым – жарыста бірінші орын алу.
Көпбейінді спорт кешені салынғалы өңір спортының тамырына қан жүгірді. 3 айда осы жерде 10-нан астам ел біріншілігі, халықаралық турнирлер, байрақты бәсекелер өткізілді. Жаңа кешенде 1200 орындық трибуна, бірнеше жеңіл атлетика залы және 25 метрлік бассейн бар. Бір мезгілде 400-ге жуық спортшы жаттыға алады.
Артур Шерғалиев, спорт кешенінің директоры:
- Бізде оған дейін үлкен халықаралық аренада жарыс өткізуге мүмкіншілік болған жоқ. Волейбол өткізсек, биіктігі 9 метр болуы керек. Бізде ондай спорт залдар болған жоқ. Арена салғаннан кейін көп ұсыныс түсіп жатыр федерациялардан, әртүрлі республикалық, халықаралық деңгейде жарыстар өткізуге. Еш қалада әзірге ондай жоқ. Тек Орал қаласында бар.
Ауыл спортын дамытуға да өңірде жіті назар аударылған. Қазір барлық аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтерген. Енді халық саны 3 мыңнан асатын ауылдарға да осындай нысандар салынады.
Бақдәулет Сәбитов, спорт басқармасының басшысы:
- Анализ жасадық, 12 ауданда 60-қа жуық ауылда спорт ғимараттары жоқ екен. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз инвестор тауып. Қаланың өзінде алдағы екі айдың өзінде 3 нысан салсақ па деп тұрмыз. Салғанда қалай? Дайын нысандарды спорт кешені қылып немесе инвестор келетін болса, жер беріп, модульды немесе «ангарный» типтегі алаңдар салу бойынша минимум 10, максимум 20-ға жеткізсек пе деп тұрмыз.
Сонымен қатар биыл өңірдегі басымдыққа ие спорт түрлері де белгіленді. 84 спорт федерациясының 20-ы аккредитациядан айрылған. Олимпиадалық тізімде жоқ спорт түрлерінің де бірқатарына болашақта мемлекеттен қаржы бөлу тоқтатылмақ. Керісінше, басымдыққа ие спорт түрлерін қолдау күшейеді.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап, Э.Аюпов
Тегтер #Батыс Қазақстан облысы #жарыс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz