RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде алғаш рет үш жолақты жол салынады

15.04.2025, 13:40 514

Қазақстанда алғаш рет үш жолақты жол салынып жатыр. Бұрын соңды болмаған бағыт «Көкшетау мен Зеренді» туристік аймағын жалғайды.

Бүгінде 47 шақырымнан асатын аралықта жөндеу жұмыстары басталған. Жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қолға алынған бастаманы Көлік министрлігі жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. 

Көкше топырағындағы тұмса табиғат талайды таңырқататыны да рас. Туристер жиі баратын курорттық аймақтың бірі - Зеренді. Жылына 100 мыңнан аса адам келеді. Қысы-жазы қозғалыс үзілмейтін аумақтың жолын биыл кеңейту көзделген. Жоба бойынша мұнда бұрын-соңды болмаған үш жолақты жол салынады. Мұндай тәжірибе елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. 

Төлеген Әбдуллин, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

- Құрылыс жұмыстары былтыр күзде басталған. Қазір 70 пайыз материалдар дайындап қойған. Былтырдан бері 2 шақырым ғана асфальт төселген. Қалған жұмыстар осы айда енді басталып жатыр. Бірінші рет бізде Қазақстанда үш жолақты реверсивті қозғалыс деп айтылады.

Көкшетау мен Зеренді туристік аймағын жалғайтын аралық 47 шақырым. Ені 7 метрден, 11 жарым метрге дейін ұзартылған. Жолдың кеңейтілуі көлік қозғалысы үшін қолайлы болып отыр. Бұған дейін автожолда кезек күтіп, жаз кезінде келушілер кептелісте тұрып қалатын. Енді бұл түйткіл айтарлықтай азаяды деп күтіліп отыр. Жобаны іске қосу қарашаға жоспарланған. Үш жолақты бағыт пайдалануға берілсе, екі жолақ бір бағытта, ал қалған біреуі керісінше бағытта болады.

Рустам Бадалян, мердігер мекеменің атқарушы директоры:

- Өткен жылы 3 шақырымды аяқтадық. Қазіргі таңда жолды кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Екі қабатты асфальт болады. Қыс бойы қажетті материалдарды әзірлеп алдық. Отандық құрылыс заттарына басымдық берілді. Жол құрылысы туристерден бөлек, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай тудырады.

Көлік министрлігі биыл республикалық деңгейдегі 7 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізуді көздеп отыр. Жаңартылатын бағыт қатарында туристер жиі баратын Рахман қайнары, Алакөл, Қайыңды, Көлсай, Баянауыл, сынды курорттық аймақтары бар. «Қарағанды Жезқазған», «Сарыағаш – Рудный», жолдары да тақтайдай тегіс кейіпке енбек. Ауқымды жоба мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz