RU
Толық нұсқаға өту

Өскемендегі мұражайда майдан жылдары жазылған хаттар тұр

15.04.2025, 14:25 628

Майдангерлердің 200-ге жуық хаты мен жеке заттары табылды.

Әскери іздеу жасағы Шығыс Қазақстан облысынан соғысқа аттанған сарбаздарға қатысты тың деректер анықтады. Реставрациядан өткізілген құнды жәдігерлер өңірдегі тарихи-өлкетану музейіне қойылған. Бәрінен бұрын сол хат иелерінің туыстары табылғаны қуантады. Музей қызметкерлері әр майдангердің жүріп өткен жолы мен тарихын егжей-тегжейлі зерттеп, бұл іске жоғары сынып оқушыларын жұмылдырды. 

Салмағы 5 грамм болатын үш бұрышты хаттар соғыс тарихын және талай жауынгердің ерлігін, туған жеріне деген сағынышын бүгіп жатыр. Майдан жылдары әскери поштада күніне 3 тоннадай хат сұрыпталатын. Ол оқ пен оттың ортасындағы елдегі өмірмен байланысын үзбеген жауынгерлердің тағдыры. Бірақ бәрінің бірдей үміті ақталмады. Шығыс Қазақстан облысынан  соғысқа аттанған 96 мың боздаққа туған жердің топырағы бұйырмады. Мыңдаған жауынгер хабар-ошарсыз кетті. Еремей Бурнашовтың жеке деректері сақталған капсула кескілескен ұрыстар болған алаңнан табылды. Ол майданға 1940 жылы Алматы аудандық әскери комиссариатынан   аттанған.  

Зинаида Надыкто, ШҚО Тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы: 

- Мен өмірбаянын іздеп таптым. Майдангер Зайсан қазіргі Марқакөл ауданында Боран ауылында туған. 353-ші атқыштар дивизиясында болған. 1941 жылы қасық қаны қалғанша шайқасты. Іздеу жасағы 5 адамды тапты. Бұл соның ішіндегі толық материал. Медальон, қасық, қарындаштың қалдығы. Туыстарының шешімімен жәдігерлер тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.

Соғыс кезіндегі статистикаға сәйкес, 70 млн-нан астам хат майданнан  туыстарына және сол сияқты тылдан майдан шебіне жіберілген. Сұрапыл соғыс жылдары сирек кездесетін артефактілерді іздеуге өскемендік оқушылары атсалысып жатыр. Борис Воробьев «Майдан жолы» әскери -патриоттық клубы қозғалысының белсенділерімен ынтымақтастық орнатқан.  Алайда балалардың өз жұмысы бар. Олар әскери комиссариаттардың мұрағаттарын талдай отырып, мыңнан  астам елді мекенді фашистік басқыншылардан азат еткен  30-шы гвардиялық дивизияның сапында болған қазақстандық жауынгер туралы мәлімет тапты. Батырдың туыстары табылған заттармен танысты.

Борис Воробьев, мектеп жанындағы әскери-патриоттық клубтың  басшысы

- Майдан жылдарын зерттеуге балалар тарапынан зор қызығушылық байқалады. Қазір осы бағытта үш жасақ құрылды. Біріншісі сайт арқылы соғыста із-түзсіз кеткен батырларды іздеумен айналысады. Екінші жасақ музей қызметкерлерімен бірлесіп экспонаттарды реттейді. Үшіншіcі табылған деректерді жариялап отырады.

Соғыс қаһармандарының ерлігі жадымызда мәңгі сақталады. Олардың жеке заттары музейлердің төрінен орын алған. Себебі бұл адамзат баласының басына түскен ауыр сынақтың жаңғырығы. Батырлардың жанқиярлық ерлігін паш еткен құнды жәдігерлер.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz