Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдаудың жаңа тұжырымдамасы дайындалды, деп хабарлайды 24KZ. «Инклюзивті Алматы 2025-2030» тұжырымдамасының мақсаты – барлық азаматқа қоғамда тең мүмкіндіктер жасау. Соған сәйкес биыл 30 мыңнан аса нысанды паспорттау жоспарланған. Тұжырымдама аясында тағы қандай жұмыстар атқарылады?
Қоғам белсендісі Богдан Джепка Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру үшін кешенді жоспардың қолға алынғанына қуанышты. «Қазір әлем тез өзгеріп жатыр, сондықтан соған сай әр азаматтың өмір сапасын жақсарту маңызды», – дейді ол.
Богдан Джепка, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- «Инклюзивті Алматы» саясатының арқасында біз көптеген мәселелерді шеше аламыз. Қазір Алматы қаласында түрлі санаттағы мүгедектігі бар шамамен 60 мың адам тұрады. Олардың жасы әртүрлі. Енді олар бұрын қол жеткізе алмаған бірқатар мүмкіндіктерге ие болады: әлеуметтік қолдау, мектептер, балабақшалар, оқыту, жұмысқа орналастыру. Осылайша олар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алады.
Мегаполисте инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған тұжырымдама 15 негізгі бағыттан тұрады. Онда білім, денсаулық, әлеуметтік даму басқармалары жүзеге асыруы тиіс 90-ға жуық жоба қамтылған. Ең бірінші кезекте инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуы тиіс. Бұл инклюзивті ортаны дамытудың алғышарты. Ол үшін қаладағы нысандардағы пандус, лифт, арнайы жолақ секілді маңызды дүниелерге тексеру жүргізіледі.
Бауыржан Жаубасов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- 2023 жылдан бастап 2030 жылға дейін біз 57 мың объектілерді паспорттаудан өткізіп және де олардың жоспарлы түрде 2030 жылға дейін оларды бейімдеуді іске асыруымыз керек. Мысалы, биыл ғана 2025 жылы біз 30 мыңнан астам объектілерді паспорттаудан өткізуіміз керек. Оның ішіне кіретін әлеуметтік объектілер бар. Жеке объектілер бар. Мемлекеттік органдар бар.
Нысандарды құжаттандыруда цифрлық тетіктер іске қосылды. Енді жеке немесе заңды тұлғалар үшін арнайы платформада ғимаратты бейімдеуге қатысты барлық ақпарат пен ұсыныстарды қарауға мүмкіндік бар.
Бауыржан Жаубасов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Бізде қалада ескі нысандар бар. Олар кезінде бейімделмеген. Бірақ біз қазіргі таңда осы паспорттауға байланысты осы насандардың барлығын ретке келтіріп, заңды тұрғыдағы нормаларға сәйкес болу үшін оларға арнайы құжат беріп, ары қарай ол нысандарды бейімдеуге мүмкіншілік жасап және де әр сол нысанның басшылығы, не болмаса заңды тұлғалардың, не болмаса жеке тұлғалардың қарамағындағы объект болсағ олар белгілі бір қаражатты бөліп, бейімдеуге атсалысады.
Қарамағындағы нысандарды инклюзивті орта талабына сай жасамаған меншік иелеріне айыппұл қарастырылған. Жауапкершілікті елемегендер лицензиясынан айырылу қаупі де бар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #тұжырымдама #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz