Көктем келсе, көпшіліктің көңіліне бір күдік ұялайды. Күн жылынып, қар көбесі сөгілгенде елді мекендерге қарғын судан қауіп төнеді. Иә, былтырғы батыс аймақтарда болған жағдай ұмытыла қойған жоқ. Биыл содан сабақ алдық па? Осы мәселе бүгін Үкімет қабырғасында тағы қаралды.
Елде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Былтырғыдай Батыс өңірлерге қарғын судан қауіп төніп тұрған жоқ. Жауапты министрлік осылай деп сендірді. Бүгінде өңірлерде Су ресурстары, Ішкі істер, Еөлік, және Төтенше жағдайлар министрлігінің бірігуімен жедел штаб құрылып, кезекшіліктер ұйымдастырылған.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
- Қабылданған шаралар елдің басым бөлігіндегі су басу қаупін азайту мүмкіндігін берді. Атап айтатын болсақ, оңтүстік пен батыста су тасқыны аяқталды, сол аймақтардағы елді мекендердің суға кетуіне жол берілген жоқ.
Десе де арқаны кеңге салуға ерте. Себебі Солтүстік пен Шығыстағы ахуал алаңдатып тұр. Ал Ақмола облысында 8 ауданды су алды. Әсіресе Астрахан, Бұланды елді мекедерінің халқы әбірге түсіп, 100-ден астам адам эвакуацияланды. Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысына салғырт қараған жауаптыларды сынға алды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Тосын жағдай елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуінен болған. Су тасқынына қарсы шараларды орындау мен жоспарлаудың сапасыз болғаны көрініп тұр. Мәселен, Ескі Қалқұтан ауылында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары 3 шақырымдай ғана учаскеде жүргізілген. Жоба бойынша 11 шақырым бекітілген. Осының салдарынан өзен арнасынан асып, үйлерді су басып қалды.
Елде 1200-ден астам елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Оларды тасқыннан қорғау үшін 590 шақырым бөгет салынып, 658 шақырым арық жүйесі жөнделді. 74 өзенде тереңдету жұмыстары жасалып, жағалаулар нығайтылған. Биыл тасқынды болжау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Осы ретте алғаш рет «Тасқын» жүйесі пайдаланылды. Оған 86 су қоймасы бойынша соңғы ақпарат енгізілген. Бұдан бөлек, 75 өзеннің сандық гидрографы әзірленді. Ал жақын арада су қоймаларына судың келу көлемін анықтайтын Talsim ақпараттық жүйесі іске қосылады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Министрлік пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, су қоймаларына судың келу көлемін болжауға арналған Talsim ақпараттық жүйесін бейімдеп енгізуіп жатыр. Қазіргі уақытта Есіл және Нұра өзендеріне арналған гидрологиялық модель бейімделіп үлгерді.
Қарғын судың кесірінен 20-дан астам жолда қатынас қиындады. Тіпті арты адам өліміне алып келді. Сондықтан Үкімет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды бір сәтке де тоқтатпауды жүктеді.
Премьер-министр әсіресе Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдайды назардан тыс қалдырмауды тапсырды. «Сын сағаттта мемлекеттік органдар қоян-қолтық жұмыс атқарып, тұрғындардың өтінішіне дереу құлақ асу керек», – деді ол.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Су ресурстары министрлігі мен әкімдіктер әсіресе еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде орналасқан су қоймалары мен объектілеріндегі судың деңгейін ерекше бақылауда ұстасын. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін.
ТЖМ, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктеріне ахуал күрделене түскен жағдайда оны бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болса, қосымша күштер мен құралдарды жұмылдыру керек.
Ал қарғын судан зардап шеккен Ақмола облысының тұрғындарына тиісті көмек көрсетіледі. Үкімет басшысы аймақ әкімі Марат Ахметжановқа жоспарды қайта қарап, баспанасыз қалған азаматтардың мәселесін шешіп беруді тапсырды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #су тасқыны #ТЖМ #Шығыс Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz