Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адамға жылына 16 келі балық жеуге кеңес береді.
Алайда қазақстандықтар орташа алғанда 4 келісін ғана тұтынады екен. Сұраныстың жартысынан көбін импорт қамтып отыр. Жыл басынан бері елде 105 мың тонна балық және балық өнімдері сатылған. Былтыр елде балық тұтыну көрсеткіші 2,5 пайызға артты. Себебі дұрыс тамақтануға көңіл бөлетіндер көбейген. Алайда отандық өндірушілер ішкі сұраныстың 44%-ын ғана өтеген. Мамандар жалпы өндірістің 17%-ға төмендегенін айтады. Сөйтіп 50 мың тоннасы нарыққа шықты. Бір қызығы, осы кезеңде импорт та азайған. 64 мың тонна балық сырттан жеткізілді. Есесіне экспорт көлемі артыпты. 23,6 мың тонна балықты Еуропа сияқты 21 ел нарығына шығардық. Бұл алдыңғы жылдан 7%-ға көп.
«Аквамәдениет туралы» заңның мүмкіндігі зор
Ақпаннан бері елде балықтың кей түрін экспорттауға шектеу енгізілді. Мұндағы мақсат тарифтік емес реттеу шараларын жүзеге асыру. Мамандар 2030 жылдан бастап, жыл сайын 270 мың тонна балық өсіруге бекініп отыр. Бұған «Аквамәдениет» туралы заңның да ықпалы тиеді. Меже орындалса, қазақстандықтардың балық тұтыну көрсеткішін еселеуге болады. Жаңа заңға сай балық өсірушілерге су субсидиясы ұсынылады. Атыраулық кәсіпкер Қайсар Рысқалиев мұның маңызы зор дейді. Оның нарыққа келгеніне бес жыл болған. Халық арасында балыққа деген сұраныс артып жатқанын айтады. Әсіресе отандық өнімге қызығатындар көп.
Қайсар Рысқалиев, кәсіпкер:
- Біздің негізгі мақсатымыз - балық өнімін көбейту. Сол себепті бүгінгі таңда Қазақстандағы даму жобалардың негізінде балық өнімін әртүрлі бассейндерде көбейту процесін жүргізудеміз. Негізгі отаны – Атырау, Жайық және Каспий теңізіміз бар. Балықтарды бүгінгі таңда мейрамханаларымызда, оның ішінде бекіре, сазан және әртүрлі балықтардың негізінде өзіміздің тағамдарымызды ұсынудамыз.
Балық өсірушілерге қолдау бар
Қазір балық шаруашылықтарына салынатын салық 70 пайызға төмендетілген. Инвестицияның 25 пайызы, жем-шөптің 30 пайызы субсидияланады. Бұдан бөлек шабақтар мен аналықтарды сатып алуға кеткен шығынның жартысы өтеледі. Бұған «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қол жеткізілді. Енді балықты өңдеуді жетілдіру керек. Бұл бағытта да мемлекеттік қолдау қарастырылып жатыр. Осылайша жергілікті өнім құнын төмендету көзделеді. Экспортты арттыруға да мүмкіндік туады. Ресми дерекке сүйенсек, наурызда нарықтағы балық құны он пайызға өскен.
Қайсар Рысқалиев, кәсіпкер:
- Астана тұрғысынан алатын болсақ, бірінші кезекте логистикасы бар, шикізаты бар, күтімі бар және мейрамханада берілетін болғандықтан ішкі қызметі бар. Соның барлығын есептей келе нарықтағы бағасы қымбат та емес, бірақ арзан да емес, орташа бағаны ұстануда.
Балық шаруашылықтары көбейеді
Алдағы 2 жылда елдегі балық шаруашылықтарының саны 700-ге жетеді. Бұл 25 пайызға артық көрсеткіш. Нәтижесінде балық өсіру көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балық #нарық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz